Қазіргі таңда мысықтың 80-ге жуық түрі бар. Басы үлкендеу біткен, кержік танау, барақ жүнді арсы мысығы, дене тұрқы сыптығыр, түгі тарғыл жолақтанып келген король мысығы, Ман аралының шолақ құйрық мысығы, сібір мысығы, тұқыр жүнді еуропа мысығы, түрік және сиам тобына жататын сиам, бирман, абиссин мысықтары. Мұнымен қоса, мысықтар түр-түсі, мінез-дағдысы, көз жанарының түсі және басқа да белгілері бойынша бөліне береді.

Мысықты үйде асыраған кезде одан ауру туындайтынын да ескеру керек. Сол үшін барынша тазалық сақтап, абай болған жөн.

Жұқпалы энтерит

Бұл ауру көбіне бала мысықтарға үйір келеді. Тіпті кейде ересек мысықтар да ауырады. Дертпен ауырған мысықтың көзі жасаурап, ыстығы көтерілуден, лоқсып-құсудан байқалады. Оның ауыр түрлері көбінесе хайуандардың өліміне алып келеді. Мұндай кезде емдеуді ветеринар дәрігердің нұсқауымен ғана жүргізу керек.

Құлақ қышымасы

Бұл құлақтың дуылдап қышып қызаруымен, терінің қабыршақтанып жара пайда болуымен сипатталады. Ауру ұзаққа созылса, жара іріңдей бастайды. Мысықтың денесінде тақыр дақтар – қотыр мен теміреткіге тән, ал қабыршақ жара – жүн жидуі мен қышымаға тән. Осындай дақтар мысықта пайда болғанда ветеринарлық емдеу орнына тез арада көрсеткен жөн. Қазіргі заманғы ветеринарияда бұл ауруларды емдеудің тиімді әдістері бар.

Ішек-құрт ауруы

Мысықтың жиі ауыратын тағы бір індеті – ішек-құрт ауруы. Бұл ауру байқалғанда дегельминтизациялау (мысыққа ішек-құрт ауруын жоятын дәрі-дәрмектер беру) керек. Сонымен қатар мысықты күтудің санитарлық-гигиеналық талаптарын қатаң сақтаған дұрыс және мысықты мұндай кезде қойынға алып жатуға мүлде болмайды. Мысықты дұрыс асырамай өз бетінше қоя берсе, ол тез жабайыланып, үй хайуандары мен құстарды аулауға кіріседі. Жабайыланған және қаңғыған мысықтар басқа хауандарға, кейде адамдарға жұғатын небір індеттің көзі болуы мүмкін.

Мысықтың жұқпалы ауруларынан адамға қауіптілері — құтыру, қотыр жара, қышыма және жүнінің жидуі. Мүмкіндігінше жыл сайын мысыққа құтыруға қарсы вакцина ектіріп тұру керек. Адамды бөтен мысық тістеп немесе тырнап жарақаттайтын болса, міндетті түрде дәрігерге көрінген абзал. Ал мысықты ветеринар дәрігерге тексерту керек.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!