Ғаламтор қолданушылары кеше күндіз Балқаштан 7 шақырым қашықтықта орналасқан «Ескі вокзал» станциясына жауған қар аралас бұршақтың видеолары мен суреттерін бір-біріне жіберуде.
«2018 жылдың 25-ші маусымы. Қарағанды облысы, Балқаш қаласы. Қар түсті. Осыдан жарты сағат бұрын ғана Балқаш көлінде суға түскен едік. Ал енді қараңыз, қар жауып жатыр», — дейді бейнеролик авторы.
Автожолдың бойында ақ үлпек қар түскен. Дегенменде «Қазгидрометтің» мәліметінше, Балқашқа қар емес, бұршақ жауған. Қала тұрғындары мен қонақтары бұршақтың кішігірім бөліктерін қармен шатыстырған болуы керек.
«Біз 25 маусым күні бұршақ жауатынына болжам жасаған болатынбыз. Қарағанды облысының кейбір аймақтарында қар емес, бұршақ жауды. Бұл бұршақтың кішігірім бөліктері», — дейді «Қазгидромет» РМК-нің Қарағанды облысындағы бөлімшесі.
Синоптиктердің болжамы бойынша, 26 маусым күні де аймақта осындай ауа-райы сақталады. Қарағанды облысының кей жерлерінде жаңбыр жауып, күн күркіреп, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.