Басты бетЖаңалықтарҚазақтан шыққан...

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы

Бертінде талантты суретші Орал Таңсықбаев та тегі жағынан болмаса да, насихаты жағынан «өзбек» болған-ды. Әйтеуір, Сабыр Рахимовтың зайыбы «аттандап»  жүріп, батырды туған жұртымен қайта қауыштырып еді.  Алайда, генералдың ерлігін еліне паш етудегі еңбек әлі кемшін соғып жатыр. Даңқты баскетболшы Әлжан Жармұхамедовті де орыстар «өзбекстандық» деп бағалайды. Соған қарағанда қазақ саңлақтарының мәртебесі басқа жұрт қызығарлықтай болғаны ғой. Ал біз барымызды бағалауға, таланттарымызды асқақтатуға келгенде әлі баяғыдай бейғам күйдеміз…

Әлжан Жармұхамедов

Әлжан Жармұхамедов – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Тоғыз дүркін КСРО чемпионы (1970-1978 жж, 1980 ж.), КСРО құрамасының сапында үш мәрте Еуропа чемпионы (1967, 1971, 1979 жж.). 1972 жылы Олимпиада чемпионы атанды.

1979 жылы «КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері» атағына ие болды. Қос саусағы мен көру қабілетінің кемшіндігіне қарамастан, Әлжан КСРО-ны қоса алғанда, кәрі құрлықтың талай додасында топ жарған-ды. Ұзынтұра қазақтың шеберлігіне тәнті болмағандар кем де кем. Әлемге әйгілі жаттықтырушы Александр Гомельскийдің өзі Әлжанды «құрығына түсіру үшін» сан түрлі әдіс қолданған. Ақыр аяғында спортшыны Мәскеуге «конвоймен» алдыртуға мәжбүр болыпты. Осының бәрі қазақтың бағына туған баскетболшының талантын еріксіз мойындағаны үшін…

Әлжан ағамыз оңтүстігіміздегі көршінің ыңғайына жығылғанда, әлдеқашан-ақ Ташкенттің төрінде мадақ-марапатқа малынып отырар ма еді… Ол қарағайға қарсы біткен бұтақ тәріздес қалпында. «Мені қазақ емес деп кім айтады? Әлде, 1972 жылдан бұрын Олимпиада чемпионы болған қазақ бар ма? Әкем Мүсірбектің тегі тарихқа енді, оны өзгерту әсте мүмкін емес. Менің әкем – қазақ, шешем – орыс…», дейді даңқты баскетболшы.

Тұңғыш Олимпиада чемпионын халқымен жақындастыруға жанын салып жүргендер – сол баяғы журналистер. Әуелі Әлжан Жармұхамедов журналист Талғат Батырханның жанкештілігінің арқасында басылым бетінде жұртымен қауышты. Одан кейін Алматыға ат басын тіреді. Онда да биліктің емес, спортқа жанашыр жандардың шақыруымен. Осыдан бірнеше жыл бұрын сырттағы қандастарымыздың өкілі ретінде елордаға келді. Даңқты баскетболшының жанынан тағы да Талғатты көрдік. Елорда төрінде де «Түркістан әбжыланымен» бұқаралық ақпарат өкілдері әңгіме-дүкен құрды…

Ана бір жылы Александр Винокуров бір топ шетелдік спортшымен келгенде, «қырылып қала жаздағанбыз». Ұлықтарымызға дейін зыр жүгірген қызмет етіп. Әлжан келгенде, басқа емес Туризм және спорт министрлігіндегілердің өзі тым-тырыс. Әлде, «қалай қарсы алу туралы» «команда» болмаған ба? Солай шығар, біздің шенеуніктер бұйрықсыз аттап баспайды ғой. Ал бұйрық болса, бәрінің тас-талқанын шығарады…

«Бұйрықсыз қимылдайтын» Үкімет те, Парламент те жым-жырт. Бәлкім, Премьер-Министр мен палата төрағалары Әлжан Жармұхамедовтің еңбегінен, оның елордаға келгенінен бейхабар шығар? Әлде Әлжанды қабылдау ол кісілердің деңгейіндегі шаруа емес пе?

…Ал біз бұйрық бере алмаймыз. Ел-жұрттың көкейіндегі сауалды, арман-тілекті керенау кеңселердегі төрелерге жеткізуге тырысамыз. Мемлекеттілік мәртебесін көтеру дегеніңіз – тұлғалардың еңбегін бағалаумен, асқақтатумен астасып жатады емес пе! Жұртшылық тұлғаларға қарап бой түзейді.

Биыл  еліміздің спортшылары Риодағы аламанға аттанар алдында Әлжан Жармұхамедовті Астана  арнайы алдыртып, асқақал  ретінде бата берсе, қандай тамаша болар еді!

Еліміздің тұңғыш Президенті ұлтымыздың тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан сынды саңлақты Ақорданың төріне оздырып,  бірі  спорт саңлақтарына бата беріп, енді бірі  Елдің Туын тапсырып жатса, керемет-ақ емес пе!

ДереккөзЕгемен