Электриктер

Өзін электрикпін деп таныстырғандардың көбі электресептеуіш құрылғылардың ескіргенін айтып, оны ауыстыруды ұсынады. Айтуларынша, құрылғы ескі болғаны үшін айыппұл салынады. Олардың бетпердесін шешу үшін нағыз тексерушілердің міндетін білу керек.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ (АЖҚ) қызметкерлері кейде электр тогын заңсыз қолданатындар мен электресептеуіш көрсеткіштерін тексеру үшін үй-үйді аралайды. Егер есептеуіш құрылғы үйдің ішінде болса, қызметкер бірінші құжаттарын көрсетіп, не үшін келгенін түсіндіруі керек. Ал подъезде болса, үй иесін мазаламай, жұмысын бітіріп кете береді. Бұл қызметі үшін ақша алмайды.

АЖҚ қала бойынша электр энергиясын алыстан есептеу үшін PLS-модемі бар құрылғылар жүйесін енгізіп жатыр. Барлық жұмыстар тегін.

Ал ай сайынғы электр энергиясы үшін төленетін ақы туралы кез келген мәселені «Алматы ЭнергоСбыт» ЖШС қарайды. Сол себепті бұл тұрғыда келген тексерушіні үйге кіргізбей тұрып, компанияға хабарласып білуге болады. Телефон нөмірі компания сайтында көрсетілген. Қызметкердің заңсыз әрекетіне шағымдануға болады. Ол үшін Алматы қаласындағы Манас 24а мекенжайына сағат 8.00-14.00 аралығында жазасыз.

Су есептеуіштерін ауыстыру, фильтр қою

Өздерін «АлматыСу» қызметкерлері ретінде таныстыратын алаяқтар көп жағдайда есептеуіш құрылғыларды ауыстыруға кеңес береді және судың сапасын тексеріп, оған өздерінің «ғажайып» фильтрін орнатуды ұсынады.

«АлматыСу» қызметкерлері үйіңізге тек 3 жағдайда ғана келеді. Біріншісі – үш айда бір рет жеке тұлғалардың үйінен, ай сайын заңды тұлғалар кеңсесінен есептеуіш құрылғылардың көрсеткіштерін жазып алу; екіншісі – суды заңсыз пайдаланып отырғандарды анықтау үшін; үшіншісі – тұтынушылардың арызы бойынша. Олардың қызмет ақысын тек «АлматыСу» кассаларында немесе екінші деңгейлі банктерде төлейсіз. Ал канализацияны тексеруге келген қызметкердің еңбекақысын қолма-қол бересіз, бірақ ол сізге фискальді чек беруі керек.

Есептеуіш құрылғыларды ауысту керек болса, бұл туралы екі ай бұрын «Алсеко» түбіртегінде ескертіледі. Сондай-ақ, ауыстыру мерзімін кәсіпорынның анықтама қызметінен білуге болады: 377-74-44 («Алматы Су»), 341-07-00 (АлТС).

Әдетте есептеуіш құрылғылар 4-6 жыл қызмет етеді. Оларды тек лицензиясы бар ұйымдар қондырады. Құрылғыны ауыстырған кезде шеберге ақысын үй иесі төлейді. Ол 5500 теңгеден басталады. Шебер есептеуіш құрылғыларды ауыстырғаны жөніндегі акттің көшірмесін қалдырады.

Газ бен желдеткішті тексеру

Алаяқтардың ең сүйікті тәсілі – газ құбырлары мен желдеткішті тексеру. Олар көп жағдайда газ плитасынан немесе құбырлардың жалғанған жерінен кемшілік «тауып» алады. Соны жөндеуге ақы сұрайды.

Коммуналды қызмет түбіртегінен газ жөнінде қызмет көрсететін ұйымды қарап, соның анықтама қызметіне телефон шалу керек. Ал демалыс күндері және газ кетіп жатқан жағдайда 104 қызметіне хабарласқан жөн.

Негізі ай сайын 75-80 теңге төлеп отырған үй иесі бір жылда бір рет газ құбырларын тегін тексерте алады. Ал оларды ауыстырса, ақысын төлеуі керек. Бірақ қызметкер фискальді чек береді.

Ал желдеткіштерді жылына бір рет тексеру қажет. Оның ақысы 850-1000 теңге тұрады. Төленгені туралы чек талап етіңіз.

Тексеруге келген адамда акт болуы керек. Онда қызметкердің аты-жөні, уақыты, тексеру ұзақтығы, тексеру нысаны жазылып тұруы керек. Бір нәрсе дұрыс емес болса, бұл – заң бұзушылық.

ПИК (КСК) «қызметкерлері»

Алаяқтар үйдегі сантехникалық құрылғыларды тексеретіндерін айтып кіріп, құбырлардан, унитаздан, жылу жүйелерінен қандай да бір кемшілік тауып алады. Еш кемшілік болмаса, өздері бір шұрыбын алып тастап, бұзуы мүмкін. Сосын оны жөндеуді талап етіп, ақы сұрайды.

Бұл жерде ПИК жұмысын білу керек. Сантехниктер мен электриктер тек барлық үйге ортақ, жертөледегі, шатырдағы құбырларды, электр сымдарын тексеруге келеді. Ал үйдің ішіндегі қандай да бір ақауды жөндеуге маманды өзіңіз шақырасыз. Қызмет ақысын да өзіңіз келісесіз.

Қорытынды:

  1. Тексеруге келген кез келген адамның қызметтік куәлігін талап етіңіз немесе қай компаниядан келгенін сұрап, сонда қоңырау шалыңыз;
  2. Көршілеріңіздің де мәліметтері жазылған тізімді сұраңыз. Әдетте заңды тексеріс бір көшеде, бір үйде толығымен жүргізіледі;
  3. Тек бір қызметкерді ғана үйге кіргізіңіз; Оны ешқашан жалғыз қалдырмаңыз, қарап тұрыңыз;
  4. Қандай да бір ақау тапса, акт жасауды талап етіңіз;
  5. Ақшасын алдын ала төлемеңіз және чек сұраңыз.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!