Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы қаланың коммуналдық меншігіне беріледі

Отырыста қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының есебі тыңдалды. Басқарма өкілдері туристік автобус бағдарларын реттеу туралы жоспарларымен бөлісті.

«Биыл Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінің базасында туристік база ашуды жоспарлап отырмыз. Сіздер білетіндеріңіздей, өткен жылы жағдайы сын көтермейтін бірқатар нысанды қала меншігіне қайтару керектігі жайлы мәселе көтерілген болатын. Өйткені, бұл нысандарды қалпына келтіру керек болды. Осы бағытта Балуан Шолақ атындағы спорт кешені әкімдікке беріледі. Қазір эскиз сызылып жатыр. Туроператорлармен кездесу жүргізілді. Кәсіпкерлермен де әңгіме жүргізілді», — деді басқарма басшысы Ерлан Жайлаубай.

Концепция бойынша спорт сарайынан Алматы және Алматы облысының көрнекті орындарын аралауға туристік автобустар шығады. Бұл жерден Көлсай, Қайыңды, Шарын, Талғар елді мекендеріне бағыт ашылады.

«Қазір әр турфирма әр аймақтан шығады. Бір жүйеге келтіру керек. Сәтпаев пен Абай көшесінің ортасында Байтұрсынов көшесінің бойында орын белгілі. Спорт сарайын қала меншігіне қайтарған соң қосымша тұрақтар жасалынады»,- деді Ерлан Жайлаубай.

Қалада туристік жағдайды жақсартуға навигация, автобустардың жұмысы, үш тілділік, ақпараттандыру жүйесі өзгеретін болады. Атап айтқанда темір жол, автовокзалдар, Абылай хан көшесі мен Гоголь көшесі қайта жасалады.

Қоғамдық кеңес мүшелері «Сайран» автовокзалында туристердің екінші нүктесін орналастыру туралы бастама көтерді. Сонымен қатар, қоғамдық кеңес мүшелері қос қабатты автобустар сатып алу туралы ой айтты. Ерлан Жайлаубайдың айтуынша, 400 мың АҚШ доллары қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жақында «Қазақфильм» алаңында этно-ленд ашылатыны белгілі болды.

Дереккөзkazinform.kz