Барлығы 5 млн.теңгеден асатын кітап қорын салтанатты түрде табыс ету шарасына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, PhD, доцент Алау Әділбаев, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, профессор Шашәдин Керім, «Арыс» қорының (баспасының) директоры, ф.ғ.д., профессор Ғарифолла Әнес, Әбу Ханифа медресе-колледжінің директоры Құлмұхамед Махамбет, ҚМДБ Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры Кенжеәлі Қоңыратбайұлы және біршама қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Әуелі сөз алған Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім:
Бұл «Арыс» баспасы сонау тәуелсіздік алған кезден бастап елдігімізге, тарихымызға, ұлт тұлғаларына қатысты құнды еңбектер шығарып келе жатқан шаңырақ. Түрлі энциклопедиялық кітаптар, терминологиялық, орфоэпиялық сөздіктер, танымдық еңбектер, т.б. еліміздің интеллектуалды ағартушылық, ғылыми әлеуетін көтеретін туындыларды жарыққа шығарып келеді. Мемлекеттік тапсырыстармен де жұмыс істейді. Осындай көптеген том-том еңбектер арқылы еліміздің руханиятына орасан қызмет етіп келе жатқан баспаның басшысы Ғарифолла Әнес баспагер ғана емес, ғалым, қоғам қайраткері. Ал бүгінгі кітаппен беріп жатқан зекеті келешек ұрпақ үшін, діни оқу орындары үшін керемет қазына деп айтуға болады, — деді.
Алау Әділбаев ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти:
Расымен, ораза кезінде кітаппен зекет жасаушылар некен-саяқ. Біз бүгін ерекше хайырлы іс-шараның куәсі болып отырмыз. Ғарифолла ағамыз тек ғалым, кәсіпкер ғана емес дін, ұлт жанашыры. Себебі кітаптарының барлығы қазақилығымызды, тарихымызды түгендейтін шығармалар. Сондықтан жақсылықта жарысатын айда ниет етіп, өнімдерін ұсынып отыр. Кітап – баға жетпес сыйлық. Бұның орасан мәні бар. Біздің дініміз, салт-дәстүрмен астасып жатыр. Сондықтан оқу орындарында ұлттық тәрбие негізінде өз елімізге тән исламдық түсінік қалыптастыру жолында қадам жасап келе жатырмыз. Осы мүддеге сай Ғарифолла ағамыздың беріп жатқан зекетін Алла шексіз мейірімі мен рахымдылығымен қабыл етсін. Жақсылық бөліскен сайын көбейіп, қоғам да жақсара түседі. Кез келген адам «Мемлекет маған не береді деп емес, мен еліме не жасай аламын?» деп өмір сүрсе, еліміздің болашағы зор болары сөзсіз. Бүгінгі зекет қабыл болып, бұл ақыреттегі сауабыңызды арттыра берсін. Әрбір шәкірт оқыған сайын және соңғы сәт қияметке дейін осы оқыған сауаптары барып тұрары сөзсіз, – деді.
Ғалым Ғарифолла Әнес: «Біздің қор 1992 жылы 4 сәуірде құрылған еді. Біз негізінен репрессияға ұшыраған ұлт қайраткерлерінің мұрасын түгендеуді мақсат еттік Ол кезде қорлар ай сайын жүздеп, мыңдап тіркеліп жатты. Солардың бүгінде бірі бар, бірі жоқ. Ал біздің баспа тілекшілер арқасында осы кезге дейін бір күн дамылдамастан еңбек етіп келе жатыр», – деп баспаның жұмыстарына қысқаша тоқталып өтті.
Осылайша «Арыс» баспасы әрқайсысы 10-20 данадан 62 түрлі кітапты ҚМДБ-на табыс етті. Мәселен, Қазақ тілі білімінің мәселелеріне қатысты атақты ғалым, академиктердің еңбектері әрқайсысы кемінде 12 данадан, поэзия, проза, таным мен пайым, т.б. яғни ұлттық құндылықтарға негізделген еңбектер. Кітаптар Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті және Республикалық имамдардың білімін жетілдіру институты, 2 медресе-колледж және «Балдәурен» Республикалық балаларды сауықтыру орталығына бөлінді. Әр мекеме басшыларына 1 072 500 теңгенің сертификаты табыс етілді. Қасиетті айда жасалған бұл ерекше қайырымдылық шарасы білім ордаларының кітап қорын байытып, ұрпақ игілігіне зор үлес қоса түсті.