Басты бетЖаңалықтарАлматы облысынан...

Алматы облысынан әскер қатарына 1500 сарбаз аттанды

Биылғы әскерге шақыру маусымында Алматы облысынан 1991-2000 жылдар аралығында туған 1800-ден астам әскери жастарды шақырту жоспарланған. Бүгінгі күні қазақстандық әскер қатарында 1500-ге жуық сарбаз борышын өтеуде. Ал 50 бозбаладан тұратын тағы бір топ салтанатты түрде Қарағанды қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық Гвардиясының 5451 әскери бөліміне жіберілді.

Іс-шараға Қорғаныс істері департаментінің басшылығы, Қарулы Күштер ардагерлері, Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының өкілдері, сондай-ақ әскери қызметке шақырылушылардың туыстары мен жақындары қатысты. Алматы облыстық қорғаныс басқармасының басшысы Талғат Дәулетхановтың айтуынша, дәстүрлі әскери-патриоттық «Әскерге шақырылушылар» акциясы жыл сайын ұйымдастырылады.

«Жетісу өлкесі Отан қорғаушыларын ғасырлар бойы мақтан тұтады. Біздің әскерлер қай жерде де борышын атқарса да, әскери бөлімдердің командирлері отандастарымызды жылы лебіздерімен еске алып, олардың физикалық және әскери-патриоттық тәрбиесін жоғары бағалайды. Отан қорғаушыларымызға мен әскер қатарында лайықты түрде өз елінің мүддесін батылдықпен қорғап, шынайы ер-азамат, ұлт қорғаны болып оралуына тілектеспін»,- деді Талғат Дәулетханов.

Көктемгі шақыру маусымы наурыз айында басталды. Ал науқанның аяқталуы маусым айының соңында.

Алматы облысынан уақытылы әскери қызметке шақырылғандар ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық гвардиясына жіберілді.

Әскери қабылдау кезінде шақырту және медициналық комиссиялар әрбір кандидатты жеке қарастырады, оның білімін, мамандығын, отбасылық мәртебесін, қызығушылығын және бейімділігін, спорттық жетістіктерін және денсаулығын ескере отырып, бірқатар сараптамалар оның шұғыл әскери шақырылушылар қатарына жіберілуіне шешім қабылдайды.

Әскер қатарға қабылдау бұрынғыдай экстерриториялық принцип бойынша жүзеге асырылады, яғни әскери қызметкер басқа аймаққа әскери борышын өтуге жіберіледі. Әскери бөлімдерде жастарды таңдау және тарату кезінде әскерге дейін қарастырылған әскери шақырылушылардың мамндықтары ескеріледі.