Мерекелік шараны ұйымдастырушы Алматы дін істері жөніндегі басқармасының мақсаты — қалалық мешіттерге келуші жамағат арасында бұқаралық спортты дамыту.

Бүгін — мұсылмандардың мейрамы Ораза айттың бірінші күні. Осыған орай Алматыдағы Орталық мешітте таң намазынан кейін «Асыл мұра» бағдарламасының ресми ашылу салтанаты өтті. Шараға  3000-нан аса қала тұрғыны қатысты.

Ашылу салтанатында қала қонақтары мен осы мешітке келуші жамағат акробат өнерін тамашалады. Сонымен қатар, Алматы тұрғындары ұлттық спорт түрлері: қошқар көтеру, асық ату, бағанаға шығу, арқан тарту, гір көтеруден күш сынасты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне шара ұйымдастырушыларының атынан бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, мешітке келушілерге айт мейрамының мерекелік дастарханы жайылды.

Қошқар көтеру өнері бойынша бас жүлдені еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Ілияс Жұман иеленді. Ол 40 келіден асатын қошқарды 205 рет көтеріп, рекорд орнатты.

«Шыны керек, мұндай жарысқа алғаш рет қатысуым. Жеңіске жетемін деп ойламадым. Қазір қатты қуанып отырмын. 205 рет көтеру қиын болмады. Тіпті бұдан да көп көтере алатын едім. Дегенмен, халық бір ауыздан жеңісті маған берді. Сондықтан да жарысты жалғастырудың мәні болмады», — деді Ілияс Жұман.

Ілияс Жұман
Ілияс Жұман

Ертең, яғни маусымның 16-і күні сағат 09:00-де мешітке келуші жамағаттар арасында Almaty Arena жанындағы жеңіл атлетикалық стадионда футбол лигасы өтеді. Лиганың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайды. Қатысу тегін.

Сонымен қатар осы күні футболдан бөлек барша көрермендерге арналған тамақтану және белсенділік пунктары да қызмет атқарады. Олар ләңгі теуіп, бамперболдан өз бақтарын сынауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

Еске сала кетсек, өткен маусымда осы футбол лигасының жеңімпазы «Төле би» (Алмалы ауданы) мешіті атанған болатын.