БҚО бойынша биыл 4000-ға жуық түлек ҰБТ тапсырады

Облыстың бас педагогының айтуынша, өңірдегі ҰБТ сынағы маусым айының 20-22 аралығында тоғыз пунктте ұйымдастырылмақ. Екі сынақ пункті Орал қаласында (М.Өтемісов атындағы БҚМУ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ), қалған жетеуі аудандарда (Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Сырым) орналасқан.

«Барлығы 5 пәннен тұратын тестілеудің үшеуі міндетті, екуі қалаған мамандығына сәйкес таңдау пәндері. Тестте 120 сұрақ бар. Ең жоғары балл — 140, шекті балл — 50. Соның ішінде: ұлттық университеттерге — 65 балл, «Білім беру», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарының топтары бойынша – кемінде 60 балл, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша – кемінде 65 балл», — деді Ш.Қадырова.

Биылғы ҰБТ-ның басты жаңалығы — сынаққа белгілі бір себептермен қатыса алмаған шәкіртке тағы бір мүмкіндік беріледі. Мүмкіндігі шектеулі түлектер көмекшімен қамтылады. ҰБТ кезінде бірыңғай саII-орталықтың 88000807177 нөміріне тегін телефон шалып, наразылық білдіруге болады. Және «Алтын белгі» иегерлеріне бұрынғыдай айқын басымдық берілмейді.

Жалпы, ҰБТ-ны ойдағыдай өткізу үшін облыс бюджетінен 7 млн. 582 мың теңге бөлінді. ҰБТ барысында аудандық білім беру, ішкі істер бөлімдері бірлесіп оқушылардың тасымалын, жататын жерін, қауіпсіздігін және тамақтануын қамтамасыз етеді, медицина мекемелері олардың денсаулығын қадағалап, кезекшілік ұйымдастырады.

Бұдан әрі басқарма басшысы БАҚ өкілдерінің жан-жақты сауалдарына жауап қайтарды. Ш.Қадырова педагог кадрлардың аттестациясы, 1-4 сыныптарды тегін ауқаттандыру, БҚМУ мен басқарма арасындағы педагог-мамандарды даярлау ісіндегі әріптестік, қоғамда наразылық туғызып келген ауыр сөмкелерден арылу бойынша алынып жатқан шаралар туралы нақты ақпарат берді.