Гендерлік ахуал теңесіп келеді

Жиын мемлекеттік органдардан, Парламенттен, партиялардан келген мәртебелі өкілдерге толы болды. Атап айтқанда, жиынға — әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі аймақтық комиссиялардың, аймақтық сайлау комиссияларының, халықаралық ұйымдардың басшылары, Ұлттық комиссияның, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, саяси партиялардың өкілдері селектормен қатысып отырды.

Жиынды бастаған Гүлшара Әбдіқалықова ханым, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» еңбек әйелдеріне үлкен сенім ұялатқанын ерекшелеп айтты. Мемлекеттік хатшы, әйелдер проблемасымен айналысатын барлық ұйымдардың — Президентіміздің биылғы ақпан Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы нақты нұсқауларды орындау аясында бірлесе жұмыс жасауы тиіс екеніне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы гендерлік теңдікке қол жеткізу жұмыстарын жүйелі түрде 1995 жылы Бейжің Декларациясын мақұлдағаннан бері жүргізіп келе жатыр.2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы заңнамалық негіздемелер жасақталғаннан кейін мүмкін болған.

Қазірде Қазақстан ДЭФ маңызды индикаторларының бірі — гендерлік индекс көрсеткіші бойынша 144 ел арасында 52-нші орында, ал сол индикатордың құрамдас бөліктері денсаулық индексі — 36, әйелдердің экономикалық белсенділігі мен мүмкіндіктері бойынша – 30, білім деңгейі бойынша — 48-інші орынды алған. Сонымен бірге, Мәжіліс корпусындағы әйелдердің үлесі — 22 процентке, мемлекеттік қызметтегі үлесі — 10 процентке жеткен.

Жиында сондай-ақ — Орталық сайлау комиссиясы әйелдердің сайлау үрдісіне қатысуының гендерлік егжей-тегжейіне қатысты ақпарат берді. Қазірде ел бойынша 739 әйел (ұсынылған кандидат әйелдер санының 22,2 проценті) депутат болып сайланған. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтегі әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне дейін жылжыту мәселесі талқыланды.

Барлық мемлекеттік қызметшілердің 55 процентін (50,5 мың адам) әйелдер құрап отыр. Сонымен бірге басшылық лауазымдарындағы әйелдердің үлесі – 39,5 пайыз (9,6 мың адам), оның ішінде жоғарғы басшы лауазымдары бойынша – 29 пайыз. Бұл деңгей Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының орташа көрсеткішіне сәйкес келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының ақпараттары тыңдалды. Қостанай облысы жергілікті мемлекеттік органдардағы әйелдер саны бойынша көш бастап тұр. Барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдер депутаттық орындардың 31 пайызын, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің 61 пайызын құрайды.

Жиын соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова ханым мемлекеттік органдарға тақырып аясында қозғалған мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.