«Мемлекеттік қызметке лайықты адамдардың келуі және лайықты түрде ілгерілетілуі үшін кез келген субъективизмді жою қажет. Мұнан басқаша болмауы тиіс. Жария түрде де айта аламын. Кеше Қауіпсіздік Кеңесінде де айтқан едім. Оңтүстік Қазақстан облысында жоғары сынып оқушылары баланы зорлаған. Соның төңірегінде қандай әуре-сарсаң басталды десеңші. Ешкім таба алмады, дәлелдей алмады. Неге екенін білесіздер ме? Өйткені тізбектің барлық жерінде туған-туыстары отырған: полиция, жоғары орган, одан жоғары органда да туған-туыстар. Барлығы да бұл істі жабуға тырысып бақты», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Абай ауылында мектептің 1-сынып оқушысын өзінен 7-8 жас үлкен төрт бала бес ай бойы зорлап келген деп айып тағылған болатын. Жәбір көрдім деген бала бұл туралы туыстарына былтыр тамыз айында айтқан. Содан бері жеткіншектің әжесі полицейлерге бірнеше рет арызданғанымен, тәртіп сақшылары шағымды тек қаңтар айында қабылдаған. Осыдан кейін іске қоғам белсенділері араласып, іс ілгері жылжыған болатын.