Бұл туралы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру туралы Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мәлім етті.
«Біздің қалада баланың тууы мен миграцияның артқаны байқалады. Осы себепті, оқушыларға қатысты үлкен сұрақ көтеріліп отыр. 2011 жылы Астана қаласында 75 мың оқушы оқыса, жеті жылдың ішінде оқушылардың саны екі есеге артып, қазір елордадағы мектептерде 143 мың бала білім алуда. Сондықтан қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы бағдарлама, соның ішінде мектеп құрылысы турасында бағдарлама әзірледік. Оған сәйкес алдағы 3 жылда 27 мектеп тұрғызып, 10 мектепке жапсарлас ғимарат салу көзделуде. Бұл — балалар үшін сапалы білім беру мәселесін шешеді», — дейді Әсет Исекешев.
Оның айтуынша, сонымен қатар мектеп құрылысын жүргізудің процесі өзгертіліп, құрылыс нормалары мен ережелеріне (ҚНЕ) өзгерістер енгізілген.