Erasmus+  Еуропалық Одақтың білім беру мен оқыту, спорт және жастар саясаты салаларындағы академиялық ұтқырлыққа, әріптестікке, жобаларға қолдау көрсетуге бағытталған 2014-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы.

КАЗГЮУ Университетінде оқып жүргенде бір семестрге Лестер университетіне ауыстым. Ол жақта бірнеше танымал профессорлардан дәріс алдым. «Еуропа құқығы» деген пәннен профессор Адам Киган (Adam Cygan) дәріс оқыды. Бұрын оның атын тек Еуропалық одақ құқықтары туралы кітаптардан ғана көретінмін. Сондай-ақ, халықаралық құқық мамандығында оқып жатқан студенттерге аты жақсы таныс Малькольм Шоудың (Malcolm Shaw) да дәрістерін тыңдадым. Оның кітаптары — біздің мамандықтағылар үшін Інжіл кітабы сияқты.

Бұл жақтағы бір семестрде мүлдем жаңа жүйеге өтіп, ағылшын құқығы туралы білімімді арттырдым. Бұл қазіргі еңбек нарығындағы заңгер студенттер үшін үлкен артықшылық. Сонымен бірге басқа елдің мәдениетімен, суденттерімен таныстым. Ал ең үлкен жетістігім ретінде Erasmus+ бағдарламасымен оқығанымды айта аламын, себебі ол болашақта шетелдік ЖОО-ларға оқуға түсуге, жұмысқа орналасуға септігін тигізеді.

Англияда оқып жүргенде өзіме ұнаған оқу әдістемелерін жазып-сызып жүрдім. Оларды біздің елімізде қолдануға болады.

Blackboard ақпараттық платформасы

Ол — Қазақстандағы «Платонус» жүйесінің жетілдірілген түрі. «Бләкбордта» оқытушылардың оқыған барлық лекциялары, презентациялары бар. Егер белгілі бір себеппен сабаққа қатыса алмай қалсаң, онда не айтыланын біліп отырасың. Емтиханға дайындалғанда да барлық материалды сол жерден қарап, оқуға болады.

«Тьютор-Студент» жүйесі

«Тьютор-Студент» жүйесі де қатты ұнады. Ол — біздегі «Куратор-Группа» жүйесінің сапалы баламасы. Онда әр студентке жеке-жеке тьютор, яғни «жетекші» тағайындалады. Олар студенттің даму бағытын бақылап, болашақта жұмысқа орналасуына көмектеседі. Маған кездесуге түйіндемеңді алып кел дегенде, қатты таң қалдым. Неге екенін сұрағанымда: «Оны жетілдірейік, болашақта жұмысқа орналасуыңа қажет болады»,- деді. Міне, жүйе!

Лестер кітапханасы

Лестер кітапханасын атып өтпеу мүмкін емес! Ол апта бойы 24 сағат жұмыс істейді. Бірнеше рет сонда қонып та шықтым. Бірнеше рет түннің бір уағына дейін кітап оқыдым. Бұл — британдық студенттер үшін қалыпты нәрсе. Кітапханалары төрт қабатты. Барлық залында ноутбуктарды тегін пайдала беруге болады. Таралымы сирек кітаптың бәрін осыннан табасыз. Сондай-ақ, мұнда жабық электронды кітапханалар қолжетімді. Абонементті, кітаптарды электронды түрде сұрата аласыз. Бұл кітапханаға ғашықпын! Қазір сол күндерімді сағынамын 🙂

Студенттердің тегін спорт орталығы

Мұнда керемет спорт орталығы бар! Ол біздің елдегі премиум-санатты спорт орталықтары сияқты жабдықталған. Топпен де, жеке де жаттығуға болады. Бассейн, сауна — бәрі бар. Бұл, әрине, бюджетке байланысты.