Павлодардан Новосібірге жаңа әуе рейсі ашылды

Новосібір-Павлодар бағатындағы алғашқы рейспен 79 жолаушы ұшып келді. Жаңа бағыт арқылы азаматтар аптасына екі рет, сәрсенбі және жексенбі күндері қатынай алады.

«Павлодар әуежайы» АҚ-ның басқарма төрағасы Марат Шишовтың айтуынша, жаңа бағыттағы рейстерді жүзеге асыру бойынша жұмыстар үш жыл бойы жүргізіліп келген. Осы уақыт аралығында ресейлік әуекомпаниялармен келіссөздер жүргізіліп, олардың жұмысы жіті бақыланған. Енді туристер мен жолаушылар небәрі 1 сағат 20 минуттың ішінде Новосібірге жету мүмкіндігіне ие болды. Бағасы – 19 мың теңгеден бастап.

«Бұл – тарихи оқиға. Олай дейтінім, Павлодар мен Новосібір арасындағы әуе жолы өткен ғасырдың 90-жылдары тоқтап қалған. Оған әлеуметтік және экономикалық жағдайлар себеп болыпты. Енді бұл бағыт жанданды. Өйткені, нарықта сұраныс арта түсті. Біз тұтынушылардың өтінішін орындап, сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз», — дейді Марат Шишов.

Айта кетейік, ресейлік әуе компаниясы ішкі және халықаралық жолаушылар тасымалымен айналысады. Былтырғы жылы жолаушылар тасымалының көлемі бойынша Ресей жеріндегі кәсіпорындар арасында екінші орынға ие болған.

«Көрші елдің компаниясы әлемдегі үздік жүз әуе тасымалдаушылардың қатарына енген. Бұған дейін бірнеше рет келіссөздер жүргізілді. Әріптестеріміз сұраныс болған жағдайда басқа да маршруттарды ашуға мүмкіндіктердің барын жеткізді. Әзірге жаз бойы жолаушы тасымалдайды. Олардың қызметі біздің талаптарымызға сай. Біз өз тарапымыздан жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайынбыз», — дейді Павлодар әуежайы төрағасының авиациялық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Сансызбай Сейтахметов.

Айта кетейік, Павлодар халықаралық әуежайы – еліміздегі ірі нысандардың бірі. Әуежайда бір аптада Астана, Алматы, Анталия, Минск, Мәскеу қалаларына 30 әуерейсі орындалады.