Басты бетҚоғамБалаларды 1-сыныпқа...

Балаларды 1-сыныпқа қабылдау ережелері өзгерді

Қыркүйек-желтоқсан айларында туған балалар ағымдағы жылдан бастап 1-сыныпқа бара алады. Өйткені, балалар күнтізбелік жылдың соңына дейін алты жасқа толып, мектепке қабылдану құқығына ие болады.

«Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау қағидаларына сәйкес, жалпы білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, білім беру ұйымдарының қызмет көрсету аумағында тұратын жеті жасқа толған және ағымдағы жылы алты жасқа толатын балалардың 1-сыныпқа қабылдануын қамтамасыз етеді», — деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігі.

Сондай-ақ, 1-сыныпқа балаларды қабылдауға қажетті құжаттар тізімінен мекенжай анықтамасы алып тасталды.

«Білім алушының ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері білім алу үшін кез келген білім беру ұйымын таңдауға құқылы. Білім беру ұйымына қабылдаудан бас тартқан жағдайда, білім алушының ата-аналары немесе басқа заңды өкілдері жергілікті білім басқармаларына шағымдана алады», — делінген баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.

Айта кетейік, құжаттарды қабылдау 1 маусым мен 30 тамыз аралығында жүргізіледі.

ДереккөзInform.kz