Алматыда футболдан аула командалары лигасы 1000-ға жуық әуесқойларды жинады

Жарыс «Мaxi чай» өндіретін Galanz bottlers компаниясының қолдауымен АЭжБУ футбол алаңында ұйымдастырылды. 1000-ға жуық қатысушы олимпиадалық жүйе бойынша бәстесті.

Әдеттегідей, футбол әуесқойлары екі топқа бөлінді. Бірінші «А» лигасында 8-14 жастағы жасөспірімдерден құралған 59 команда жүлделі орындарды сарапқа салды. Бұл топта FC «Orda» 3:2 есеппен FC «Nike» командасын жеңіп, алтынды олжалады. Сәйкесінше, FC «Nike» күміспен күптелді. Ал «Легион 007» футбол командасы қоланы қанағат тұтты.

— Біз жеңуге тырыстық, бірақ, финалдық ойында ұтылып қалдық. Қарсыластарымыз бізден басым түсті. Біз де жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға осындай жоба мен сыйлықтар үшін алғыс білдіреміз. Әдеттегідей жүлдегерлерге ең күшті сыйлықтар табысталды. Біз өте қуаныштымыз, — деп бөлісті жарыс жүлдегері Алмат Арманұлы.

Ал «Б» лигасында 63 команда өзара мықтыны анықтады. Олардың ішінде «Алаш» футболшыларын 2:1 есеппен ұтқан «Алатау» чемпион атанды. Ал қола жүлдесін «Арсенал» командасы жеңді.

— Жарыс жақсы өтті, қатысушыларға, ұйымдастырушыларға, өз командама да алғысым шексіз. Осындай турнирлер жиі өтіп тұрса дейміз, біз қатысуға әрқашан дайынбыз. 63 команданың ішінде бірінші атанған кезде, сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес, — деп бөлісті «Алатау» командасының капитаны.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар мен медальдармен марапатталды, сонымен қатар, оларға аула лигасының серіктесінен «Мaxi чай» сусындары табысталды.

Аула лигасының басты мақсаты қала жастарының спортқа деген қызығушылықтарын арттырып, футболды дамыту болып табылады.