Рахман қайнары – еліміздегі шипалы сулардың бірі. Оған ауруына ем іздеп келетіндердің қарасы көп. Соған орай жағалауға түрлі санаторийлер салынған. Ол Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданында орналасқан. Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай, Алтай тауларының дәл ортасында теңіз деңгейінен 1760 метр биіктікте жатыр.

Термальды бұлақтардың жалпы ұзындығы 80 метр, температурасы 34С0-тан-43С0-қа дейін өзгереді.

Суының қандай емі бар?

Рахман көлінің суы азоткремнийлі, аз минералды емдік сулар тобына жатады. Ол атақты «Белокуриха», «Цхалтуба» санаторийлерінің  суларына ұқсас.

Жыл сайын аталған қайнарға адамдар:

  • Тірек-қозғалыс аппаратының ауруларын;
  • ОЖЖ және шеткі жүйке жүйесінің ауруларын;
  • Гинекологиялық аурулар, соның ішінде бедеулікті;
  • Тері ауруларын (соның ішінде псориаз);
  • Эндокринді жүйенің ауруларын;
  • Жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларын;
  • Несеп жолдары жүйесінің ауруларын;
  • Урологиялық ауруларды;
  • Асқазан-ішек жолдары ауруларын;
  • Тыныс алу мүшелерінің ауруларын климаттық емдеуге келеді.

Радон суы ОЖЖ седативті әсер етеді, ұйқыны тереңдетеді, ауруды азайтады. Оның ықпалымен регенерация жылдамдайды, қабыну және трофикалық процестер жақсарады.

Жалпы радондық ванналардың ықпалымен жүрек-қантамырлары жүйесі қалпына келтіріледі. Сонымен қатар олар көміртектің, майдың, азоттың алмасуына қалыпты әрекет етеді.

Рахман қайнарының шығу тарихы

Рахман қайнарының шығу тарихы туралы аңыз бар. Ерте кезде Алтай тауларының бөктерінде Әбдірахман деген аңшы өмір сүрген екен. Бір күні ол жалғыз баласын ертіп аңға шығады. Алдарынан құралайын ерткен марал кезігіпті. Сонда бала құралайды атып жібереді. Құралай жер сүзіп құлайды да, оның жаралы аяғынан қан атқақтап ағады. Бала бұл көріністен шошынып, есінен танып қалады. Әбдірахман баласының есін жиғызу үшін жақын маңда сылдырлап ағып жатқан бұлақтан су әкелуге кетеді. Барса, жаңағы марал құралайын сол бұлаққа ертіп апарған екен. Бұлақ суы оның аяғындағы қанын тоқтап, жарасы жазылғанын көрген Әбдірахман аң-таң болады. Жалма-жан бұлақ суын жанторсығына құйып алады да, баласына апарып ішкізеді. Осы кезде бала есін жияды. Әбдірахман ауылға су әкеліп ауру-сырқауларға береді. Оcыдан кейін бұлақты “Әбдірахман қайнары”, кейіннен “Рахман қайнары” деп атап кеткен. Сол кезден бастап халық Рахман қайнарын емдік мақсатта пайдаланып келеді.

Санаторийге қалай жетеміз?

Санаторийге бару үшін санаторлық-курорттық картаны ресімдеу қажет. Оны отбасылық амбулаторияда тұрғылықты жері бойынша жасауға болады. Оны алған соң, бірінші Өскемен қаласына жетіп аласыз. Ары қарай санаторий көлігі алып кетеді.

Алматыдан санаторийге ұшақпен бару үшін билетті Өскемен қаласына дейін аласыз. Ол үшін «Эйр Астана», «Скат», «Бэкэйр» авиакомпанияларының қызметтерін пайдалануға болады. Ұшу ұзақтығы тікелей рейспен 1 сағат 15 минут, ал өзге қалалар арқылы 3 сағат 25 минутты құрайды.

Өскеменге қонған соң әрі қарай 500 шақырымды автобуспен 9 сағатта еңсеруге болады.

Пойызбен барсаңыз да, дәл солай. Бекет тек Өскемен қаласында ғана бар. Алматыдан Өскеменге дейінгі пойыз жолы 24 сағатқа созылады.

Санаторийге тікелей автобус рейстері де жоқ, сондықтан автобус билеттерін де Өскемен қаласына дейін алып, автобекеттен ары қарай такси ұстауға, автобуспен баруға болады.

Ал аталған туристік аймаққа жеке көлікпен шығатын болсаңыз діттеген жеріңізге дейін 1 487 шақырым екенін есіңізге саламыз. Бұл жолға жеке көлігіңізбен шықпай-ақ, көлік жалдап алуға болады. Ол үшін сізге көлік жолдарының картасы қажет.

Санаторийде бір тәулік орналасу үшін бағалар орташа алғанда 5000 теңгеден басталады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Пікір қосу