Жалпақ табандылық неден пайда болады?

Табанда 26 сүйек, 33 буын, 19-дан астам бұлшықет бар. Аяқ табанының пішіні кенеттен өзгеруі «жалпақ табандылық» деп аталады. Жалпақ табандылықтың екі түрі бар: туа пайда болған және жүре пайда болған. Алғашқысы бала 5-6  жасқа толғанша білінбейді. Себебі 5-6 жасқа дейін баланың табанасты күмбезі толып тұрады. Табан пішінінен өзгерісті анықтау қиын. Бала өсе келе аяқ сүйектері ұзарады да, табанасты күмбезі пайда болады. Осыған қарап белгілерін анықтауға болады. Жүре пайда болған жалпақтабандылықтың себебі өте көп. Соның ішінде, түрлі жарақаттан, тар аяқ киім кигеннен, генетикалық ерекшеліктеріне байланысты, дұрыс тамақтанбаудан болады.

Әйелдер жалпақтабандылыққа ерлерге қарағанда төрт есе жиі шалдығады. Себебі олар биік өкшелі аяқ киімді көп киеді. Одан бөлек  40-тан асқан әйелдерде климакс (етеккір циклы) тоқтаған кезде зат алмасу процесі өзгереді. Сүйектің құрамындағы минералды заттардың бәрі шайыла бастайды. Содан сүйек босаңси береді. Босаңсыған сүйек артрит, артроз ауруын туындатады. Тіпті, мешел ауруына шалдықтыруы да мүмкін.

Нұрмахан Еркебұлан
Нұрмахан Еркебұлан©Айгүл Хожантаева

Біз айтып отырған табан күмбезі адамда 13-17 жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан бойжеткендерге 17-18 жасқа дейін биік өкшелі аяқ киімді кимегені дұрыс. Өйткені ондай аяқ киімдер табан күмбезінің дұрыс қалыптаспауына байланысты аяқты тез шаршатады.

Ер адамдарда жалпақтабандылық көп уақыт жаяу жүру, аяққа физикалық салмақ салу, ауыр зат көтеру кезінен пайда болады. Әскерге майтабан ауруы бар азаматтарды алмайды. Себебі әскердегі жүріс көп болады. Ал физикалық күш түскен кезде аяқтың сүйегі сынып кетуі мүмкін.

Қандай белгілері бар?

Негізі сау адамның табаны ойық болып тұруы керек. Ойық денедегі бүкіл күшті реттеуші десек те болады. Спортпен айналыспайтын, бірқалыпта отыра беретін артық салмағы бар адамдардың бүкіл күші табанға түседі. Ал табанды барша салмақпен төбесінен басқаннан соң ол жалпая түседі. Міне, осылайша жалпақтабандылық пайда болады.

Үй жағдайында жалпақтабандылықты анықтауға болады. Ол үшін кез келген крем және бір парақ қағаз алып, табанды креммен майлап, қағазды басу керек. 1 минуттай түзу тұрсаңыз, қағазда із қалады. Із арқылы жалпақтабандылықтың белгісін анықтай аласыз. Қалыпты жағдайда табанның ішкі жағында табанның үлкен бөлігін алатын ойық болады. Егер ол ойық болмаса немесе ол өте жіңішке болса, онда ол жалпақ табанды білдіреді.

Жалпақ табан 3 кезеңге бөлінеді. Бірінші деңгейлі жалпақ табан 3 ай, екінші деңгейлі жалпақ табан 6 ай ішінде емделеді. Ал үшінші, төртінші деңгейлі жалпақтабан кезінде ота жасатады. Отадан соң біраз уақыт күтініп жүру керек.

Нұрмахан Еркебұлан
Өзгеріске ұшыраған аяқ табаны©Айгүл Хожантаева

Жалпақ табанның бірінші кезеңінде адамның табаны ауырады. Сондай-ақ, кешкісін табан шаршап, ісінеді. Ал екінші кезеңінде бүкіл аяқтың тізе буындарына дейін ауырып, сырқырайды.

Жалпақ табанның үшінші-төртінші кезеңінің белгілері:

  • Бел ауырады, аяқ киіммен жүру қиындайды;
  • Аяқ өсіп кеткен секілді болады. Яғни, бір өлшем үлкен аяқ киім алуға мәжбүр болады;

Алайда аталған белгілер жалпақ табанға емес, басқа да ауруларға сәйкес келуі мүмкін. Сондықтан үй жағдайында емес, дәрігерге көрініп ертерек емделген дұрыс.

Аяқ киімді қалай дұрыс таңдау керек?

Жалпақ табан белгілері неғұрлым ертерек айқындалса, табан формасының бұзылуы неғұрлым аз болады. Аурудың алдын алу үшін аяқ киімді дұрыс таңдау керек.

Балаға аяқ киім таңдар кезде сапасына мән беру керек. Сірісі қатты, өкшені нық ұстайтын, табаны жарты сантиметрден кем немесе көп болмауы керек. Сондай-ақ, ішкі бетінде арнайы жұмсақ ұлтарағы болғаны дұрыс.

Нұрмахан Еркебұлан
Нұрмахан Еркебұлан©Айгүл Хожантаева

Аяқ киім шығаратын фирмалар қазір өте көп. Олардың 80-90% дұрыс шығарып жатқан жоқ. Дұрыс аяқ киімде табан күмбезіне сәйкес арнайы ойық болады. Жалпы өкшесі орта мөлшерлі (4 см) былғары аяқ киімдер таңдау керек. Ұшы кең болғаны жөн. Аяқ киім жүрген кезде қажамауы және аллергия туындатпауы қажет.

Алдын алу үшін:

Табанның өзгеруі жастар жағында ұзындығы жағынан, ал үлкен кісілерде көлденең жағынан өзгеріске ұшырайды. Табанның астында байланыс аппараты болады. Сол байланыс аппараты бүкіл сүйектерді біріктіріп тұрады.

Жалпақтабандылықтан  тобық, тізе және сан буындары ауырады, патологиялық мүсін пайда болады. Бұл тірек жүйесінің бұзылуы нәтижесінде артроз бен сколиозға әкелуі мүмкін. Егер сүйектер босаңсып кетсе, мешел ауруына шалдығады. Сол үшін де ауруды асқындырмай үйде үнемі жаттығу жасау керек:

  • Аяқтың ұшымен тұрыңыз;
  • Аяқтың ұшымен өкшеге қарай сырғанаңыз;
  • Табаныңыздың сыртымен тұрыңыз;
  • Табиғат аясында жүргенде, жерде, дымқыл шөпте, таста жалаңаяқ жүруге тырысыңыз;
  • Жүрісіңізге назар аударыңыз: аяқты қатар қоюға тырысыңыз, ал жүрген кезде табанның сыртына сүйеніңіз;

Жалпақтабандылықтың ішкі ағзаларға ешқандай әсері болмайды. Алайда аяқтың сирақ, балтыр бөліміне әсер етеді.