Басты бетҚазақстанда киберфутболдан...

Қазақстанда киберфутболдан турнир өтеді

Турнирге қатысу үшін 28 мамырға дейін kz.liga-online.com сайтына тіркелуі керек. Тіркелу тегін.

— Ең алдымен жасы 12-ден асқан қатысушы сайтымызға өзінің Қазақстандағы сүйікті командасын тандап, тіркеліп барлық деректерді толтырып, турнирдің күнтізбесін күтсе болғаны. Содан соң, іріктеу кезеңінің ойындары басталады. Ол маусымның 9-ы дейін жалғасып, ішінен үздік 12 клубтың жанкүйерлері плей-офф, артынша гранд-финалға жолдама алады, — деп ережелерімен ұйымдастырушылардың бірі және E-Sports-Kz халықаралық консорциум өкілі Айдар Паржанов түсіндірді.

Оның айтуынша, қазіргі танда тіркелуден еліміздің әр командасынан 300-ден астам әуесқой тіркелді. Арасында – дербес компьютер, XBOX және PS4 платформалары бар. Әрқайсысынан жүлдегер атанғандар ақшалай сыйылыққа ие болады. Турнирдің жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрайды.

— Біз әр адамның тұрмыс тіршілігі мен жағдайын ескере отырып, тек үйде ғана емес арнайы компьютер орталықтарына барып, ойнай берсе болатындығын айта кеткеніміз жөн болады, – дейді Айдар Паржанов.

Ережеге сәйкес, әр матч 6 минутқа созылады. Сонымен қатар, қатысушылар кез келген команданы тандап, қарсыласы да өзі алған клубпен ойнай берсе де болады. Бұл ретте, барлық ойындар арнайы төрешілермен бақыланып, ойынның таза өтуі қадағаланады. Сонымен қатар, матчты жанды дауысты комментаторлар жүргізеді.

— Біз бұл жарысты жылда өтетін қылып жасағымыз келеді. Биыл финалдық ойындарды арнайы, маусымның 12-і күніне қойдық. Осы күні Ресей елінде әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Осы киберфутбол арқылы елімізді танытып, ФИФА ойынынан Қазақстан премьер-лига клубтарын көрсек дейміз. Қазір Ресейде бұл спорт өте жақсы дамып келеді, ал ФИФА ойыны болса бүкіл әлемде жақсы сұранысқа ие. Ол жақта тіпті әр футбол клубында, сол команданың атын шығаратын өздерінің кибер ойыншылары бар. Қазақстанда киберспорт тек енді дами бастады, ал киберфутболдан жарыс мүлдем болмаған, — деп қорытындылады Айдар Паржанов.

Айта кетер жайт, ұйымдастырушылар қазір еліміздің барлық клубтарымен, осы жобаны қолдау үшін келісім шарт жасауда. Бірінші болып келіскен Қазақстан футбол Федерациясы мен Қазақстан Премьер Лигасының бірнеше командалары. Турнирдің басты демеушісі Volkswagen компаниясы.