Bilim Media Group – Қазақстандағы электронды оқыту нарығын дамытушы инновациялық компания. 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұжымның мақсаты — сапалы білімді баршаға қолжетімді ету. Компания Білім басқармалары мен әдістемелік орталықтар әдіскерлері, жалпы білім беру саласы мамандары үшін жыл сайын өткізетін шеберлік сағатын биыл жаңа форматта өткізді. Мұнда дәстүрлі «Жаңашыл мұғалім» байқауының жеңімпаздары және пилоттық жоба мектептерінің мұғалімдері цифрлық ресурстарды қолдану бойынша тәжірибелерімен, оқытуды цифрландыруда BilimLand ресурстарының тиімділігі жайлы пікірлерімен бөлісті.
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласына қарасты Теңге ауылы мектебінің физика және информатика пәні мұғалімі Сүйрібаев Бақытбай Пірәліұлы — мектептегі жалғыз физик. Өзінің ізденімпаздығымен ол 2016 жылы «Жаңашыл мұғалім» байқауының жеңімпазы атанған.
«Мектепте 1200-ге жуық оқушы бар. Әр сыныпта 20-25 оқушы оқиды. Еліміздегі көп білім ордаларында қажетті ресурстар жоқ. Балалар зертханалық құралдарды тіпті қолымен ұстап көре алмайды. Барлығыңыз мойындайтын шығарсыз: кітаптан оқығаннан гөрі, физика пәнінің видеосабақтарын қарау арқылы оның заңдылықтарын, теорияларын жеңіл түсінуге болады. Өзім сабақ беретін пәніме байланысты қажет, сапалы контентті Bilimland.kz сайтынан алып жүрмін. Оқушы бірден қабылдайды. Өтетін тақырыптарға байланысты оқушыларды топтарға бөліп тастағанды жөн көремін. Бірнеше топ болып, түрлі тапсырмаларды орындайды. Жоспарды да осы сайттан аламын», — деп ұстаз тәжірибесімен бөлісті.
Алматы облысы Қарасай ауданы 1 май орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Қымбат Маратқызы тәрбие сағаттарын видеосабақтармен өткізу әлдеқайда тиімді екенін былай мәлімдеді:
«Бұрын тәрбие сағаттарын өткізгенде барлығын ауызша айтатын едік. Көп болса, көрнекі құрал ретінде суреттерді қолданатынбыз. Ал қазір iMektep.kz қолданушысы ретінде түрлі тақырыптағы анимациялық видеосабақтарды пайдаланып жүрмін. Балалар қызығып тамашалайды. Мұндағы видеосабақтардың мазмұны да терең. Аз уақытқа ықшамдалып жасалған видеодан бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне көз жеткізеді. Олар мұндай сабақтардан шаршамайды, мультфильм тамашалағандай тапжылмай көреді. Цифрлық дәуірдің тумалары үшін мұндай цифрлық контент нағыз заманға сай материал екені сөзсіз».
Өткен жылы қазан айында BMG компаниясы пилоттық жоба аясында BilimBook құрылғыларын үш мектепке орнатты. Соның қолданушыларының бірі, СҚО, Айыртау ауданы, Айыртау орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Жылқышиев Усайын Жолдасұлы құрылғылардың оқушы үлгеріміне оң әсер еткенін айтады:
«Біздің ауылда интернет желісі жоқ. Алайда құрылғылар осындай шалғай аудандардағы шағын жинақты мектептер үшін өте ыңғайлы. Өзім беретін тарих пәні бойынша балаларды алты ай BilimBook құрылғыларымен оқыттым. Нәтижесі жаман емес. 9-сынып бойынша менің пәнімнен бір оқушы жақсы оқушы санатына кірді. Ал үшке оқып жүрген оқушының бағасы төртке көтерілді. Құрылғыда жаттығу тапсырмалары өте көп. Бұл айтылған ақпараттың мида сақталып қалуына үлкен көмегін тигізеді».
Сондай-ақ, шеберлік сағатқа қатысушылар да BilimLand порталының тиімділігі жайлы өз ойларын ортаға салды.
«Үштілдік білім беруге көшу аясында Bilimland.kz өзіндік артықшылықтарымен ерекшеленеді. Барлық бейнематериалдар, интерактивті сабақтар оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында жасалған. Әрі олардың хронометражы да өте қысқа. Бұл — баланы зеріктірмей, біліммен сусындатуға, сабаққа деген қызығушылығын оятуға таптырмайтын тәсіл», — деген пікірді Батыс Қазақстан облыстық білім беру ақпараттандыру орталығының бөлім басшысы Әліпбаева Саягүл Ғаділжанқызы білдірді.
Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облыстық әдістемелік кабинетіне қарасты директордың инновациялық жұмыстары бойынша орынбасары Абай Зәкірұлы Тұрсынбаев жаңартылған бағдарлама бойынша BilimLand ресурстарын қолдану бойынша былай дейді:
«Жаңартылған бағдарламаға өтіп жатқан кезеңде BilimLand ресурстары, әсіресе, мұғалімдерге өте қажет. Бұл — оқушылардың да қосымша ізденулеріне таптырмайтын құрал. Бүгінгі шеберлік сағатынан байқағанымдай, оқушы алда өтетін тақырыптарды өзі оқып, білімін жетілдіре алады. Менің ойымша, портал оқушының сабаққа өз бетінше дайындалу дағдыларын бастауыш сыныптан-ақ қалыптастыруға көмектеседі».
Осы ойды Жаңа Ғасыр №175 гимназиясының мұғалімі Рахымжанов Сәбит Мұхитұлы былай сабақтастырды:
«Осы порталды бір жыл бойы қолданып келемін. Порталдың материалдары өте сапалы, оқушының білімін шыңдауға көмектеседі. Жаңартылған білім бойынша жоспар жазу керек. Егер мұғалім BilimLand-ті ашса, қажет жоспардың бәрі тұр. Оны толық қолдануға болады. Бұл — мұғалімдерге үлкен көмек. Шеберлік сағатта iTest.kz сайтының артықшылықтарына көзім жетті. Шынымен, талапкерлер үшін нағыз қажет құрал екен».
«Өнімдерімізді әлемдік деңгейге шығару жоспарымызда бар»
Bilim Media Group компаниясының атқарушы директоры Санжар Кенжеханұлы:
Компания құрылғалы бері цифрлық білім беру ресурстарын жасаумен айналысып келеді. Соның негізгісі — Bilimland.kz порталы. Оның ішіне 40 мыңға жуық интерактивті сабақ (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде), қосымша ҰБТ-ға дайындалуға мүмкіндік беретін iTest.kz сайты, сонымен қатар мыңнан аса оқытушы фильм ұсынатын twig-bilim.kz және 170-тен астам бастауыш мектепке арналған анимациялық видеосабақты топтастырған iMektep.kz платформалары бар. Қыргүйек айынан бастап оқушыларға аккаунттарды тегін ашып беруді көздеп отырмыз.
Қазіргі уақытта Ресейде цифрлық білімді дамыту үшін көп қаражат бөлініп отыр. Былтыр біздікі сияқты порталды жасауға 5 млрд рубль бөлінген. Біздің бюджетпен салыстырғанда, ол 20 есе көп. Әрине, Ресей Федерациясының халқының саны көп екенін де ескерген жөн. Дегенмен, Ресейдегі мұндай жобалар сәтсіз болып жатыр. 2016 жылы цифрлық саламен айналысатын ұйым: «Жұмыстарыңыз ұнады. Ресурстарыңызды Ресейдің мұғалімдері де пайдаланып жатыр», — деп хабарласты.
Осыдан кейін екі жақты келісімге келдік. Олар бізден лицензия сатып алды. Әріптестерімізге бір жыл көмектестік. РҒА-мен (Ресей Ғылым Академиясы) бірге жұмыс істедік. Осыдан үш-төрт ай бұрын Қырғызстаннан да ұсыныс түсті. Бұдан бөлек Өзбекстанға, Әзірбайжанға да шығу жоспарда бар. Жақында Куала-Лумпурда өтетін білім саласындағы көрмеге қатысайын деп жатырмыз. Біздің ойымызша, Bilim Media Group әлем деңгейіндегі сапалы цифрлық өнімдерді ұсынa алады.
«Әр контент материалы мұқият тексеруден өтеді»
Айнұр Бәрібаева, редакция бөлімінің басшысы:
Биыл біз сайтқа жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша бастауыш математика 1-3-сынып, геометрия 10-сынып, химия 11-сынып сабақтарын салып қойдық. Өткен жылдың маусым айында басталған жұмыстың жемісін бір жыл дегенде енді жарыққа шығардық. Халыққа ұсынған цифрлық сабақтарымыздың жасалуы бір қарағанда оңай көрінеді. Бірақ оның артында үлкен командалық жұмыс тұр.
Осы жылы 2000-ға жуық жаңартылған цифрлық сабақ ұсынғалы отырмыз. Сондай-ақ портал контентін де кеңейттік, олардың қатарында орыс тіліндегі «Аудиохрестоматия» бар. BilimBook құрылғыларын орнатқан үш мектепте пилоттық үш жобаны сәтті аяқтадық. iTest.kz сайтына ҰБТ-ның жаңа форматына сай келетін жаңа сұрақтар енгізілді, оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, АҚҚ пәндері салынды. ҰБТ-ға дайындайтын iTest.kz жаттықтырғышы алдағы уақытта жаңа сұрақтармен толықтырыла түседі. Бұл тест сұрақтарын ҰТО-да жұмыс істеген, тәжірибесі мол мамандар құрастырды. ҰБТ-ға дайындалуда сайттың тест материалдарын пайдалану тиімді деп есептейміз.
Қазіргі бағытымыз — контент әзірлеуде білім беру саласындағы барлық жаңашылдықтарды ескеру, оларға сай болу. Біз интерактивті сабақтар жасауда «Цифрлық заман сұраныстарына сай жұмыс істеуіміз керек» деген ұстанымды басшылықта ұстаймыз.