Итальяндық тағамдарды ерекше көремін

Бала кезімде ет тағамын жақсы көретінмін. Ал қазір итальяндық паста ұнайды. Итальяндық тағамдардың дәмі өте ерекше. Тіл үйіретін түрлі қоспалары мен азық-түліктерінің дәмін Қазақстанда шығарылатын өнімдермен салыстыруға да келмейді. Мысалы, Қазақстанда өндірілетін макарон өнімдерінің дәмі бір қайнатқаннан кейін өзгеріп, тіске жабысқақ боп келеді. Ал Италиядан келген макарондар суда дәмін жоғалтпайды, езілмейді, тіске де жабыспайды.

Мейрамханаға барсам, алдымен интерьеріне, ас мәзіріне, сосын даяршының қарым-қатынасына қатты көңіл бөлемін.

Мейрамбек Мухажанов
Мейрамбек Мухажанов ©Айгүл Хожантаева

Тамақ пісіру үшін фантазия керек

Әр аспаз — шығармашылық адам. Себебі тамақ пісіру үшін фантазия керек. Бұл мейрамханада пісірілетін тағамдарға қажетті азықтардың барлығы тікелей шетелден әкелінеді. Ең көп қолданылатын ингредиент – макарон. Тамақ әзірлегенде сиыр, жылқы және шошқа етін пайдаланамыз. Етті шетелден алатынымыздың себебі, шетелде жануарларға арнайы шөп пен жем беріп өсіреді. Сондықтан да сырттан әкелінетін ет жұмсақ әрі дәмдірек болады.

Адам көп болған кезде, тамақтың күйіп кетуі деген сияқты жағдайлар болып тұрады. Сосын бірден оны ауыстырып, тез арада қайта әзірлейміз. Басты міндетіміз — келген қонақтарымыздың көңілінен шығу. Себебі бір рет тамағыңды ұнатқан адамның қайта келетіні сөзсіз. Адам тамақты алдымен көзімен, одан кейін дәмін тату арқылы ұнатады. Мейрамханада 10 түрлі тағамның түрі бар. Del Papa мейрамханасында тағамдар тек бір технологиямен, бір рецептпен әзірленеді. Алматыда мейрамхананың бірнеше желісі бар. Барлық жерде мәзір бірдей емес. Ас мәзірі мейрамхананың орналасқан жеріне байланысты. Кейбір желілерде отбасымен бірге тамақтануға баратындар көп болса, орталықта орналасқан мейрамханаға көбіне қыдырып жүрген жастар келеді.

Мейрамбек Мухажанов
©Айгүл Хожантаева

Del Papa мейрамханасында итальяндық сусын бар. Дәмі ерекше, жасалу рецептісі құпия. Сонымен қоса Италияда тағамның құрамына қарай арнайы шарап ішеді. Италияға барып көрмедім, бірақ болашақта жоспарда бар.

Өмірде өз жолымды тапқаныма қуаныштымын. Аспаздықтан кететін ойым жоқ. Мұндай мейрамхананың Қазақстанда ашылғанына көп уақыт болмағандықтан, қазақстандықтар енді ғана Италияның тағамымен, мәдениетімен танысып жатыр. Осыдан 4-5 жыл бұрын сұраныс мүлдем аз болатын. Қазақтар етті ерекше жақсы көреді.

Мейрамбек Мухажанов
Мейрамбек Мухажанов ©Айгүл Хожантаева

Ер адамдар тамақты әйелдерден де дәмдірек пісіреді деп айта алмаймын

Жұмыс істеп жүргенімде небір керемет аспаздарды кездестірдім. Сондықтан да ер адамдар  тамақты әйелдерден де дәмдірек пісіреді деп айта алмаймын. Себебі тамақты дәмді етіп пісіру — ердің де, әйелдің де қолынан келеді. Аспаз болу әркімнің қолынан келе беретін іс емес.

Нью-Йорк стейкінің дайындалуы:

  1. Сиыр етін тұздап, бұрыштап аламыз;
  2. Арнайы иісі мен дәмін шығаратын шөптер (розмарин, тимьян) қосылады;
  3. Қажетті көкөністерді қабығымен бірге пештің астында майға шыжғырамыз;
  4. Піскен соң қабығын алып тастаймыз да, оны еземіз.
Мейрамбек Мухажанов
Мейрамбек Мухажанов ©Айгүл Хожантаева

Аспаз —  болашағы бар, өлмейтін мамандық. Жақсы аспаз болу үшін өзіңе сенімді болу керек. Үнемі ізденісте жүріп, тамақтарды зерттеу қажет. Аспаздың бойында сабырлылық, тазалық және тағамға деген махаббат болу керек.

Адамдар неліктен Del Papa мейрамханасын таңдау қажет?

Алғаш осы мейрамханаға келгенімде, керемет әсер қалдырды. Ұнаған жеріңе қайта оралғың келіп тұрады ғой. Мына артықшылықтары үшін Del Papa мейрамханасын таңдау керек:

  1. Дәмді тағам;
  2. Интерьері ерекше;
  3. Жағымды атмосфера;
  4. Заманауи тәсілдер;
  5. Шетелден әкелінетін өнім;
  6. Жаңа ингредиенттер.

Талдықорған қаласының тумасымын. Мамандығым — электрші. Бұл салада 2 жыл жұмыс істедім. Бірақ менікі емес екенін түсіндім. Ағам мен әпкем де — аспаз. Олардың тамақ әзірлегендері маған қызық көрінетін. Алғаш рет 16 жасымда мейрамханада жасайтын тағамдарды әзірлеп бастадым. Арнайы аспаз мамандығын оқымағандықтан, тәжірибе жинау мақсатында түрлі дәмханаларда жұмыс істеп көрдім. Қазіргі уақытта Del Papa итальяндық мейрамханасында бас аспаз боп жұмыс істеп жүргеніме 9 жыл толыпты.

Мейрамбек Мухажанов
Мейрамбек Мухажанов ©Айгүл Хожантаева

Үйде тамақты жұбайым, қонақ келгенде өзім пісіремін. Әйелім көбіне қазақтың тағамдарын, мен итальяндық пастаны пісіремін. Ас әзірлеген қатты ұнайды, әсіресе адамдардың тамағымды сүйсініп жеп отырғанын көргенде керемет сезімде боламын.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!