Шарын шатқалы қай жерде орналасқан?

Шарын шатқалы Алматы облысы, Райымбек ауданында орналасқан. Яғни, Алматы қаласынан 195 шақырым шығысқа қарай, Шарын өзені бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 км созылып жатыр. Жер көлемі 93,2 мың.га. Бұл аймақтың рельефі әртүрлі. Шарын өзеніне Теріскей және Күнгей Алатау жоталарының солтүстік баурайынан бастау алатын көптеген өзен сулары қосылып, суы мол өзенге айналады да, Жалаңаш ойпаты мен Торайғыр тауын шығысынан қақ жара өтіп орасан зор шатқал жасайды.

Шарын шатқалы туралы деректер

Шарын шатқалы – ең ірі экзотикалық орындардың бірі. Шарын ертегідегі құм тауларынан жасалған ескерткіштер әлемі iспеттi. Шарын шатқалы жасы 12 миллион жылға жуық шөгінді тау жыныстарынан қалыптасқан табиғат ескерткіші. Каньон құздарының биіктігі 150-300 метрге жетеді.

Шарын шатқалы – Қазақстанның ең көрікті мекендерінің бірі. Ұзындығы 200 км, ал тас сілемдердің биіктігі – 100 метрден 300 метрге дейін жетеді. Колорадодағы Гранд-Каньоннан кем түспейтін осы бір мекен Алматыдан 200 шақырымда, Шарын өзені ағып жатқан тұста орналасқан.

Шарын ұлттық табиғи саябағы Үлкен Бөгеті тау жотасын, Сөгеті аңғары мен шекаралас шөлді жерлерді Шарын өзенінің бойындағы «Қызғылт қамалдар» аңғарын, сол маңдағы далалы алқапты және Торайғыр тауы беткейлерін қамтиды. Саябақ аумағынан Шарын өзені ағып өтіп, Іле өзеніне құяды. Шарын өзеніне тау беткейлерінен басталатын Шалкөдесу, Кеген, Қарқара, Кенсу, Орта Мерке, Шет Мерке, Темірлік, т.б. ұсақ өзендер қосылады. Парк ауа райы құрғақ қоңыржай, жауын-шашынның жылдық мөлшері 150 мм-дей. Шарын ұлттық табиғи саябағында геологиялық ежелгі кезеңдерден сақталып келе жатқан «Қызғылт қамалдар» аңғарының кескін-келбеті өте таңданарлық. Шарын өзенінің миллиондаған жылдар бойы жуып-шаюынан өзен аңғарында ойдым-ойдым қызғылт түсті шатқалдар пайда болған. Дәл осындай табиғаты ерекше шатқал дүние жүзінде Шарыннан басқа тек АҚШ-тағы Колорода штатында ғана кездеседі (Үлкен каньон шатқалы).

Паркта өсімдіктердің 940 түрі өседі, оның 60-қа жуық түрі эндемиктер. Ондағы өсімдіктердің 21 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» тіркелген. Сүтқоректілердің 60, құстардың 300, бауырымен жорғалаушылардың 20, балықтардың 10 түрі кездеседі. Саябақ аумағынан ерте кездерде тіршілік етіп, кейіннен жойылып кеткен жануарлардың (пілдердің, мастодонттардың, мүйізтұмсықтардың, қорқау қасқырдың, стенон жылқысының, т.б.) қаңқа қалдықтары да табылған.

Ертеде Шарын шатқалы шайтан қала деп аталған бір деректер бар екен. Оны Үлкен Колорадо каньонының (АҚШ) кіші бауыры деп те атайды. Каньонның “Қызғылт қамалдар” деген тағы бір аталуы бар. Себебі бұл жердегі үнсіз жатқан алып жартастар өздерінің таңғажайып пішіндерімен таңқалдырады.

Қалай жетуге болады?

Егер Қазақстанның кез келген жерінен ұшақпен жол жүретін болсаңыз алдымен Алматы әуежайына билет аласыз. Билетті арнайы авиакассалардан немесе әлеуметтік желідегі сайттардан тапсырыс беріп алуыңызға болады. Ең ұзақ жол 3,5 сағатқа ғана созылады.

    • Солтүстік өңірден: 2 сағат;
    • Оңтүстік өңірден: 1-1,5 сағат;
    • Батыс өңірінен: 3,5 сағат;
    • Шығыс өңірінен: 1,5-2 сағат.

Шарын Шатқалына пойызбен жүруді жоспарласаңыз “Алматы-1” немесе “Алматы-2” теміржол вокзалдарына билет аласыз. Билет құнын, пойыз кестесін арнайы сайттардан көре аласыз. Пойыз арқылы жедел пойызбен солтүстік өңірден 1 күн 2 сағатта, оңтүстіктен 10 сағатта, батыстан 2 күнде жетесіз. 

Шарын шатқалына Алматы облысындағы аймақтардан, әуежайдан немесе теміржолдың бірінен баратын болсаңыз, алдымен Алматы қаласындағы “Саяхат” автобекетіне барасыз. Сол жерден арнайы Алматы-Кеген бағытындағы көлікке отырасыз. Діттеген жеріңізге 3 сағатта жетесіз. Алайда барар жолда Кеген ауылына 15 метрге жетпей түсіп қаласыз. Ары қарай жолдан тағы көлік ұстап барасыз. Бұл жерге газельдер мен  автобустар жүрмейді. Егер бұл қиындық тудырса арнайы көлік жалдап барсаңыз да болады.

Алматы облысында бірнеше күнге қалуды жоспарласаңыз қызмет көрсету сервисі жоғары қонақ үйлерге тұрақтасаңыз болады.

Ұқсас жазбалар

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!