Басты бетЖаңалықтарХалық дизайнер...

Халық дизайнер Тимур Сүлейменовті ақтық сапарға шығарып салды

Марқұмды бақилық сапарға шығарып салуға барлық әріптестері, туыстары, өнер саласының өкілдері, Алматы әкімі, ҚР Ұлттық банкінің өкілдері жиналды.

«Ағамыздың қайтыс болғаны туралы  суық хабарды естіп кешелі бері отбасына қолдау көрсетіп жатырмыз. Ағамызбен соңғы үш жылда әкім ретінде тығыз жұмыс істедім. Алматының бүгінгі келбеті, даму тұжырымдамасына үлес қосқан адам. Бұл кісі Елбасының қолынан »Парасат» орденін алған, ҚР еңбегі  сіңген өнер қайраткері. Ол кісінің мұрасы қаншама жыл халыққа қызмет етеді. Жақсының аты ұмытылмайды деген сөз бар», — деді  Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Одан кейін сөз алған мәдениеттанушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов Тимур Сүлейменовтің отбасы туралы естеліктерімен бөлісті.

«Тимур Сүлейменов өнер, дизайн саласында жүрген жандардың бірегейі еді. Бүгін менің бауырымды өнер ордасынан шығарып салып жатырмыз. Ол елдің адамы және мемлекетшіл, ұлтжанды азамат болатын. Оған талай куә болғамыз. Оның анасы Мариям апай өмірдің қанша қиыншылығынан өтіп, алтын асықтай азаматтарды тәрбиелеп өсірді. Ол — үлкен ерлік. Ол кісінің әрбір баласы халықтың ұлына айналды. Бүгін Тимурды ақтық сапарға шығарып салуға келген тұлғалардың барлығы адами құндылықтарға адал қызмет еткен ұрпақтың өкілдері», — деді Мұрат Әуезов.

Тимур Сүлейменов 10 мамырда 75 жасқа қараған шағында меңдеген аурудан көз жұмған еді. Тимур Бимашұлы Сүлейменов  1943 жылы 14 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысының Қарабұлақ ауылында туған. 1965 жылы — Ленинград құрылыс-инженерлік институтын, 1970 жылы  Қазақ политехникалық институтын (1970) бітірген. Тимур Сүлейменов — сәулетші,  Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының құрметті профессоры. Халықаралық өнер академиясының академигі, ҚР Көркемөнер академиясының құрметті академигі, Қазақстандық дизайн мектебінің негізін салушы. Алматы облысындағы «Черкасск қорғанысының батырларына» мемориалдық кешенінің; Түркістан қаласын қайта құру және тарихи-мәдени туристік орталыққа айналдыру жобасының авторы. Шымкент және Жанатас қалаларын салудың бас жоспарларын әзірлеуге, Түркістан қаласының тарихи аймағын қалпына келтіруге, Қ.А. Ясауи кесенесі айналасындағы тарихи аймақты қайта құру жобасына қатысқан. «ҚР Республикалық стилі» кешенді мемлекеттік дизайн-бағдарламасының жетекшісі; ұлттық валюта дизайнын жасау,  жобалау, ҚР Қарулы Күштері дизайн-бағдарламаларын жасаумен айналысқан жұмыс топтарының жетекшісі. 1965 жылдан — «Қазқалақұрылысжобалау»» жобалау институтының сәулетшісі, Алматы қаласы Калинин ауданының бас сәулетшісі, 1968 жылдан — «Алмаатагипрогор» институтында сәулетшілер тобының жетекшісі, «Қазқалақұрылысжобалау» институтының жобалар бойынша бас сәулетшісі, 1982 жылдан — Қазақстанның Көркемдік қорының бас суретшісі, қалалық ортаның дизайны шеберханасының жетекшісі, 1987 жылдан — «Қазақстан Дизайнерлер одағы» РҚБ басшысы қызметін  атқарған.

Марқұмның артында жары, 2 баласы мен 2 немересі қалды.

Дереккөзkazinform.kz