Басты бетЖаңалықтар"Атакент" территориясы...

«Атакент» территориясы қала меншігіне қайтарылды 

«Атакент» ҚІСО жалпы аумағы 54,1 гектар. 31 гектар жер жекеменшікте, оның 17 гектарында сауда орындары, қонақүйлер мен спорт кешендері орналасқан.

«Қазіргі кезде Алматы әкімдігі құқық беретін құжаттарды тексеріп жатыр. Игерілмеген 14 гектар жерге пайдалану бойынша шектеу қойылды. Сонымен қатар, мақсатты түрде салынған көрме павильондары мен өзге де құрылыстарды сүру жоспарланбаған», — дейді әкімдік өкілдері.

12 сәуірде Бауыржан Байбек «Атакент» ҚІСО аумағын қаланың коммуналдық меншігіне қайтаруды тапсырған болатын.

«Басқарушы компанияның аумақты дамыту бойынша өзіне жүктелген міндеттерін орындамауына байланысты қала басшысы келісімді бұзып, жерді қаланың коммуналдық меншігіне қайтару туралы заңды шешімді дайындауды тапсырған», — деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бауыржан Байбек көрме аумағында болып қайтқаннан кейін 15 күнен соң асфальт алынып тасталды, Pine Hill кафесі сүрілді, 400 ағаш отырғызылды. 200-дей жұмысшы әкімнің ескерту айтқан олқылықтарды түзеумен айналысып жатыр.

Дереккөзtengrinews.kz