БҚО-да жастардың рухани жаңғыруын талқылаған жиын өтті

Конференция жұмысының негізгі бағыттары: отбасындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың өзекті мәселелері; қазіргі жастарға деструктивті діни ағымдардың әсеретудің алдын алу шаралары; Рухани жаңғыру аясында қазіргі жастардың этникалық өзіндік санасын қалыптастыру мәселелері; ерте ана болу мәселесі мен жауапты ата-ана келбетін қалыптастыру болды.

Конференцияға ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Түймеш Дәрішева, БҚО дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Тулепов, қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Сындар Дәуешова қатысты.

Конференцияда сөз алған Ақұштап ақын адамзаттың анасы, ұлттың анасы — қыз тәрбиесі қоғамды алаңдатып отырғандығын атап өтті.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Бұл өткенімізді саралап, ертеңге зор үмітпен қарайтын алдағы бағытымызға жол көрсетер айқын да, нақты бастау екені белгілі. Ұлттық код, бабалар жолы мен өсиетін еске алып, қайта жаңғыру елдің ертеңгі ұрпағы үшін ауадай қажет. Жаңғыру-дегеніміздің өзі ғасырлар қойнауында қалған салт-дәстүрімізді жаңғырту, ұмытпау, жаңаша дамыту дегенге саяды. Жаңғыртатын нәрселеріміз өте көп. Өкінішке орай, ұмытылғаны да жетерлік. Бүгінгі конференцияның басты мақсаты — адамзаттың анасы, ұлттың анасы-қыздарымыз жайлы әңгіме қозғасақ деп жиналдық», — деді А.Бақтыгереева.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияда еліміздің Алматы, Атырау, Ақтөбе, Семей, Павлодар, Ақтау қалаларынан келген жоғары оқу орындарының оқытушылары мен магистранттар қатысып, өз баяндамаларын ұсынды.