Каролина Ахон лақап атым. Шын есімім Құралай. Нумерология бойынша адам есімінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан есіміме жаман энергия әсер етпеуі үшін, лақап атпен жүруіме тура келеді.

2018  жыл табысты жыл болмақ. Сонымен қатар өнер адамдары, психологтар, астрологтар үшін оңтайлы жыл. Ынтымаққа, бірлесіп әрекет етуге, жоспарларды жүзеге асыруға қолайлы жыл болайын деп тұр.

Нумерологияны бал ашумен шатастырмаған жөн

Адамның көңіл-күйі, жолы болмай жүрген уақыттарда өзге бір тылсым күштен көмек іздейді. Адамдардың көбісі нумерология саласын бал ашумен шатастырып жатады. Бірақ, бұл дұрыс емес. Әртүрлі магиялық құбылыстарды жасау тікелей интуицияға байланысты. Сондықтан болжаған дүниелердің шынымен орындалуы екіталай. Ал нумерология саласы ежелден қалыптасып келе жатқан ғылым. Ол «сандарды зерттеу» деген мағынаны білдіреді. Нумерологияда сандардың көмегімен адам бойындағы қасиеттерді, ерекшеліктері мен психикалық ауытқуларын, тіпті қандай да бір аурумен ауыратынын да білуге болады. Яғни, біз нақты фактілерге сүйенеміз. Нумерологтардың да барлығы шындықты айтып, болашағыңызды нақты болжап береді деп те айта алмаймын. Себебі бірі әлеуметтік желі арқылы білген мәліметтерін өмірде қолданып, соның төңірегінде ғана жұмыс істейді. Бірі шын мәнінде өз саласының маманы болады.

нумеролог
Каролина Ахон, нумеролог ©Айгүл Хожантаева

Сандардың өз құпиялары бар. Мысалы, бір ғана сан бөлек мағына берсе, барлық санды бір жүйеге келтіріп, қосып есептеген кезде мүлде басқа мағына береді. Нумерологияда статистика бар, яғни сандардың адам өміріне қалай әсер ететінін білуге болады. Сондықтан, нумерология саласын бал ашумен шатастырмаған жөн.

Нумерологияны кез келген ғылым саласы меңгере алады

Нумерологияны кез келген ғылым саласы меңгере алады. Тек адам психолог бола білу керек. Және де адамдарға деген үлкен махаббат болуы шарт. Оларға көмектесуге деген үлкен құлшыныс болуы қажет. Нумерологтардың жұмысы оңай емес. Мен күніне 3-4 адам ғана қабылдаймын. Өйткені, клиентке көп энергиям кетеді. Адамдарда нешетүрлі энергия болады ғой. Бірі жаман немесе жақсы әсер етеді дегендей. Бірде маған түрмеде бір жыл отырған адам келді. Оның энергиясының әсер еткендігі соншалық, бір апта жұмысқа шыға алмай ауырып, жатып қалдым. Яғни, адам бойындағы ауыр энергияны кез келгені көтере алмайды.

Нумеролог болу үшін математиканы шемішкедей шағудың қажеті жоқ, тек адамды түсініп, жан дүниесімен жұмыс істей алсаң болды.

Нумеролог
Каролина Ахон, нумеролог ©Жеке мұрағатынан

Әр санның өз мағынасы бар

Әр санның өзіндік қасиеті, энергетикасы, мағынасы, мақсаты болады. Бірақ бір санның бар болуы немесе жоқ болуы еш мәлімет бермейді. Адамның туған жылы, айы, күні бірігіп бір мағына береді. Әр санның адам тағдырымен байланысы бар. Осыны дұрыс түсінген жөн. Мысалы, 1 саны адамның ерік күшінің мол екенін, сонымен қатар көшбасшы тұлға екенін көрсетеді. Бір саны аз адамдар күдікті, толқымалы, өзгермелі және адамдармен ұзақ қарым-қатынаста бола алмайды. Бір саны көп адамдарды өзгерту, тәрбиелеу өте қиын. 2 саны – энергетика. Екі саны көп адамдардың сезу қабілеті, энергетикасы жоғары болады. Екі саны аз адамдардың күш-қуаты төмен, тез шаршағыш келеді. 3 саны – талант, креатив, ерекше дүниелерді сезіне білу. Үш саны жоқ адамдар сезімге емес, логика жақын. 4 саны  көп адамдар шет тілдерін тез меңгеріп алуға жақын болады. 5 – космостық сан. Ол адамның жан дүниесін, сезімталдығын білдіреді. 6 саны тұрақтылық, еңбекқорлық, адамның жинақтылығын білдіреді. 7 – бақыт саны. Отбасылық махаббат, бақыт. 7 саны бар адамдар өз-өзіне сенімді  келеді. 8 саны сәттіліктің және жауапкершіліктің белгісі. Бұл адамдардың армандары оңай орындалады. 9 – ой, аналитика, логика. Олар әрқашан бір нәрсені ойлап жүреді. Тоғызы жоқ адамдар жадысын, логикасын дамытатын жаттығулар жасап тұрғаны абзал.

Көп адамдар нумерологқа келіп, өмірлерінің бірден өзгеріп кеткенін қалайды. Сандарға сеніп, әрекет етпей жата берсе нәтижесі болмайды. 75 пайыз тағдырға, ал 25 пайыз сәттілік пен сенің әрекет етуіңе байланысты.

нумеролог
Каролина Ахун ©Айгүл Хожантаева

2000 жылы туылған балалардың көбісінде тоғыз саны жоқ

Егер біздің нумерологиямызда белгілі бір сан жоқ болса, онда дәл сол санның өміріңізге қажеті жоқ. Нумерологияға сенетін көп ата-аналар мұндай жағдайға қатты мән береді. Қазіргі кезде олар дүниеге балаларын әкеле салысымен,  белгілі бір есімдерді жіберіп, таңдап беруімді сұрап жатады. Мысалы үшін адам есімінде тоғыз саны жоқ болса, онда адамға «р» әріпі бар есімдерді қойған дұрыс. Себебі «р» әріпі тоғыз санының орнын толтырып тұрады. Мысалы, Айнұр, Гаухар, Өрлен сынды есімдер. 2000 жылы туылған балалардың көбісінде тоғыз саны жоқ. Сондықтан, қазіргі латын әліпбиі бойынша есімдеріне «h, o, v» әріптерін қосып жазған дұрыс.

Бір айда, бір күнде, бір сағатта, бір жылда туылған туылған адамдардың тағдырлары ұқсас келеді деген қате пікір. Өйткені, олардың есімдері, тегтері және туылған жері, ұлты әртүрлі болуы мүмкін. Сонымен қатар адамның  тәрбиесіне де қатты мән беріледі.

Нумерологияның көмегімен адамдар өздерін әртүрлі қырынан тани алады. Кемшіліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, қай салада жұмыс істегені дұрыс екенін де біледі. Ата-аналар осы саланың көмегімен балаларының кішкентайынан қандай салаға бейім екенін анықтап алады.

Осы сала бойынша Мәскеуде білім алдым

Менің негізгі мамандығым менеджер. Көптеген компанияларда, департаменттерде директор қызметін атқардым. Алайда араға біраз уақыт салып, жиі ауыратын болдым. Өзімді нашар сезініп, жаман түстер көре бастадым. Сосын қызметімді өзгерттім. Көптеген адамдар нумерология саласын бизнес көзі ретінде көреді. Бірақ бұл дұрыс емес. Сен үшін бірінші орында ақша емес, адамның ішкі жан дүниесін ұғу тұру керек. Өз басым бұл салаға жан қалауыммен келдім. Осы сала бойынша Мәскеуде білім алдым. Бүгінде нумерологиямен айналысып жүргеніме біраз уақыт болды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!