Анель Дәуренқызы: Әкеммен әртүрлі тақырыпта жиі сөйлесемін
Үйдің үлкенімін. Менен кейін төрт бауырым бар. Айзере 4-сыныпта, Ақназар 1-сыныпта оқыса, Ақберен 4 -те, ал кішкентай інім Едіге 1 жасқа енді толады. Әкем бауырларыма: «Анельді тыңдап, одан үлгі алыңдар», — деп жиі айтады. Маған үлкен жауапкершілік артатындықтан, артымнан ерген іні-сіңлілеріме үлгілі болуға тырысамын. Одан бөлек әкем: «Ешкімнен қысылмай, өз ойларыңды ашық айтыңдар. Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болыңдар»,- деп айтып отырады. Мейірімді, қамқор, кішіпейіл болуға үйретеді.
Ата-анам біздің жан-жақты болып өскенімізді қалайды. Сондықтан әртүрлі бағыттағы үйірмелерге, қосымша сабақтарға барамыз. Мысалы, барлығымыз да ағылшын тілі үйірмесіне қатысамыз. Соның арқасында қазір 3 тілде де еркін сөйлей аламын. Болашақта испан тілін меңгеруді ойлап жүрмін.
Бос уақытым көп деп айта алмаймын. Сабақ, қосымша үйірмелер бар деген секілді. Бірақ уақытым бар болса, тоқумен айналысамын. Үйренгеніме бір жыл болса да, тоқыған дүниелерім көп. Мысалы, кішкентай ініме шалбар, өзіме батырлардың бас киімін, ал апама қарапайым бас киім тоқып бердім. Осы уақытқа дейін біраз үйірмелерге қатыстым. Домбыра мен жетіген аспабында ойнай аламын. Шахматтан ІІ разрядым бар. Өткен жолы І разрядқа тапсырған едім. Бір ұпай жетпей қалды. Жазда қайта тапсырып көремін. Интернеттен үлкен жарыстардағы шахмат ойындарын, олардағы жүрістерді қадағалаймын.
Кітап оқығанды жаным сүйеді. Бірде қызық болған. Нағашыларымның ауылына барғанда «Көшпенділер» трилогиясының үшінші кітабы «Қаһарды» оқығанмын. Бірақ оның трилогия екенін білмеппін. Үйге келіп, әкеме оқығанымды айтып жатсам, қолыма қалған екі кітабын ұстатты. Сөйтіп, барлық бөлімін оқып шықтым (күліп). Бұдан бөлек «Гарри Поттер», «Бегущий в лабиринте», «Алхимик» кітаптарын оқыдым.
Үйде әкеммен әртүрлі тақырыпта жиі сөйлесемін. Мысалы, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихынан, жаратылыстану пәндерінен сұраймын. Білмегендерімді әкемнен сұрасам, ол міндетті түрде жауап береді. 4 жасымнан бастап коньки тебе аламын. Қыста әкем шаңғы тебуді, жазда велосипед тебуді үйретті. Әкемнен әлі үйренерім көп.
Әкем мен анам бізге тыйым салмайды. Қалаған нәрсемізді алып беруге тырысады. Мысалы, қазір бауырларымның бәрінде телефон бар. Алайда уақытымызды тиімді пайдаланамыз. Бастапқы кезде қызығып, көп қолданатын едік. Қазір сыныптастарыммен сөйлескенде, ақпарат керек кезде ғана қолданамыз. Болашақта Қазақстанның тарихи тұлғалары туралы кино түсіргім келеді. Бірақ жауапкершілігі мол жұмыс қой. Қазір қандай маман иесі болатынымды ойланып жүрмін.
Айзере Дәуренқызы: Отбасымызбен театрға барғанды ұнатамыз
Әпкем Анель екеуміздің арамыз 2 жас. Оның айтқандарын әркез тыңдаймын. Әкеміз бізді кішкентайымыздан үйірмелерге қатыстырды. Мәселен, хип-хоп пен спорттық би түріне, каратэге, вокал мен шахматқа бардым. Қазір тоқыма үйірмесі мен тенниске қатысып жүрмін. Спорт түрлерінің ішінде үлкен теннис ұнайды.
Болашақта әкем секілді болғым келеді. Көпшілік алдына шығудан қорықпайтындықтан, журналистте болғым келеді. Актрисалық қабілетім де бар (күлді). «КТК» арнасындағы «Тағдыр тартысы» бағдарламасының екі бөліміне түскенмін. Сондай-ақ, «Балапан» арнасының бірнеше бағдарламасына қатыстым. Мектепте мені сол арқылы таниды.
Жалпы, бос уақытымда қолға тағатын әшекейлер жасап, тоқумен айналысамын. Отбасымызбен киноға, театрға барғанды ұнатамыз. Табиғатта серуендеуге жиі шығамыз.
Ақназар Дәуренұлы: Әкеме ұқсағым келеді
Ақназар деген есімімді әкем Хақназар ханға ұқсасын деп қойған. Армандарым көп. Бүкіл елдерді аралауды армандаймын және кино түсіргім келеді.
Қазір 1-сыныпта оқимын. Спортты жақсы көремін. Таэквондо, теннис, күреске қатысамын. 4 жасымнан бастап каратэге барып жүрмін. Осы уақытқа дейін екі үлкен жарысқа қатыстым. Олардан жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Болашақта әскери адам болғым келеді. Әкемді жақсы көремін және оған ұқсағым келеді. Осыған дейін әкемнің жұмыс сапарымен Талдықорған, Қарағанды, Павлодар, Семей қалаларына барып, араладық. Соның ішінде Қарағанды қаласы ерекше ұнады.
Менің атым — Ақберен. Қазір 4 жастамын. 3 жасымнан бері шахматқа қатысамын. Шахматты әкеммен ойнап үйрендім.
Дәурен Бабамұратов: Бала тәрбиесінде басты 3 қағиданы ұстанамын
Бірінші ереже. Балаларыма ұрыспауға тырысамын. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Бала өзінің қиындығын ұрыспен, жұдырықпен шешіп үйренбеуі керек. Сол үшін әрбір ата-ана балаға қиындықтардан шығу жолдарын көрсетуі тиіс. Егер де ата-ана мен баланың арасында келіспеушіліктер болса, оны ұрыспен шешудің керегі жоқ. Оны көріп өскен бала да ұрпағын солай тәрбиелейтіні анық. Ал мен немере-жиендерімнің ондай тәрбиемен өскенін қаламаймын. Бала тәрбиесіндегі бірінші ұстанымым — балаға ұрыспау.
Екінші ереже. Одан кейінгі қарапайым қағида – айтқаныңды ісіңмен дәлелдеу. Мәселен, өзім еріншек болып, балама «еңбекқор бол» дей алмаймын. Бала тәрбиесінде өзін мысал етіп көрсету маңыздырақ. Сондықтан, балаларыма ақыл айтпас бұрын соған сәйкес болуға тырысамын.
Үшінші ереже. Балаларымның ештеңеден тарықпай, молшылықта өскенін қалаймын. Яғни, олар өздерінің дамуына қажет деп тапқан дүниені қолжетімді етуге тырысамын. Балаларымның жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін бұл маңызды нәрсе.
Қазір заман қатты өзгеруде. Қоғамның да, заманның да адамның алдына қоятын талаптары көбейіп жатыр. Яғни, адам заманды өзгертуі мүмкін. Бірақ қазір емес. Керісінше, біз қазір өзгерген заманға икемделу керекпіз. ХХІ ғасырдың заманына сай дүниелер бар. Олар: ағылшын тілін үйрену, кез келген ортада өз ойыңды еркін жеткізу және ұлттық құндылықтарды ұмытпау.
Балаларыма ағылшын тілі қажет екенін жиі айтамын. Ал кез келген ортада пікірлесу, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасау да адами қасиеттерге жатады. Бұған да дайын болу керек. Егер адамның бойында ұлттық құндылықтар қалыптасатын болса, ертеңгі күні ешқайда адаспасы анық. Сондықтан бала тәрбиесінде осыларды басты ұстаным етіп аламын. Болашақта балаларыма мамандық таңдауда менің тарапымнан ешқандай қарсылық болмайды. Өздері қалаған кәсіп иесі болады. Сондай-ақ, балаларымның барлығын спортқа жақын етуге тырысамын. Себебі жоғарыдағы айтқандарымның бәрі денсаулық болмаса, жүзеге аспайды.
Бала тәрбиесіндегі ережелерімнің бәрі баламен етене жақсы қарым-қатынас орнатқан кезде өте оңай орындалады. Кешке жұмыс біткен уақытта үйде балаларымның қасында болуға тырысамын. Бәріміз бірге ойнаймыз, әңгімелесеміз, ақылдасамыз.
Балаларымды бауырмал етуге тырысамын
Әр әкенің мақсат-міндеті болады ғой. Ұлдарыма, қыздарыма біздің отбасымыз, ата-тегіміз туралы айтуға тырысамыз. «Біз кімбіз?», «Кімнің ұрпағымыз?», «Менің әкем кім?», «Атам кім?» деген сұрақтар төңірегінде оларға жиі айтып беремін. Мұның барлығы маңызды.
Жалпы, балаларым бұзық емес. Көп шектеу қоймаймын. Әдетте тыйым салу анасының тарапынан болып жатады (күлді).
Ата-аналар жиналысына жиі қатыспаймын, бірақ қажет кезде уақытым болса, міндетті түрде барамын. Балаларымды «сабақ оқы» деп қинап, мәжбүрлікпен оқытпаймын. Сонда да олардың үлгерімі жақсы. Үш балам мектепке барады. Үшеуінің де мұғалімдерін танимын.
Ұлдарыммен жеке сырласуға тырысамын. Олардың бойынан біріншіден қайсарлық, батырлық, еңбекқорлық, бауырмашылдық қасиеттерді көргім келеді. Осыны жиі айтамын. Себебі заман қатты өзгеріп жатыр ғой. Олар өскен кезде елдердің арасында мүлдем шекара болмайды. Сондай кезде бұлардың туысқандық, туғандық қарым-қатынастарын сақтап қалғым келеді. Үнемі «әпкең мен ініңе жақын бол» деп жиі айтамын.
Әр бала үшін ата-ана жауапты
Қазіргі заманда бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтар жетіспейді. Негізгі құндылықтар жоғалып бара жатыр. Соның салдарынан ұл мен қыздың арасындағы шекараны жоятын субмәдениеттер енуде. Оған қарсымын. Бұл ертеңгі күні ұлттың жоғалуына әкеледі. Әрбір бала әке-шешесінің қасында болуға құқылы. Бала үшін ата-ана жауапты. Өкінішке қарай, қоғамда үнемі олай емес. Кейде жеке бас құқығы басты орынға шығып бара жатыр.
Отбасын ойламайтындар көбейіп келеді. Мұның бәрі дәстүрлі отбасы құндылықтарының жойылып бара жатқанынан деп білемін.
Отбасымызбен дәстүрлі түрде аптасына бір рет қаладағы апамыздың үйіне барамыз. Ал жазда міндетті түрде балаларды ауылға апарамыз. Одан бөлек демалыс, туған күндерде ағайын-туысқандарға барамыз. Осыдан 10 жыл бұрын «балаларымның болашағы үшін жиі алаңдаймын» деген сөйлемді түсінбейтінмін. Өте жақсы деген қоғамда да ата-ана балаларының болашағы үшін алаңдайтынын енді ұқтым. Мен де солардың қатарынанмын.
Гаухар Архарбайқызы: Балаларым әкесін бәрінен жоғары қояды
Дәкең — жанұямыздың тірегі, қамқор әке, мейірімді жан. Осы күнге дейін балаларына тыйым салғанын көрген емеспін. Керісінше, қолда барын аямайды, балаларына бәрін сатып алып беруге тырысады. Сонымен қатар, олардың қызығушылығымен санасып, қалаған қосымшаларына баруға рұқсат береді. Мәселен, балаларымыз шетінен өнерлі. Сондықтан би, қолөнер, домбыра сынды музыкалық сабақтар мен шахмат, таэквандо, үлкен теннис т.б. спорттық қосымшаларға барады. Менің ойымша, балаларды әртүрлі үйірмелерге кішкентайынан қатыстырған дұрыс. Себебі бала өсе келе қолынан келетін, болашақта өзін сол салада көре алатын спортты немесе өнер бағытын таңдай алатын болады және жан-жақты болып өседі.
Отбасымызда әкенің орны әрқашан да биік әрі бөлек тұрады. Сондықтан балаларым әкесін бәрінен де жоғары қояды. Әкесінің айтқан ақылымен жүреді. Білмегендерін сұрайды. Ал Даурен өз кезегінде бәрін түсіндіріп, ненің жақсы-жаман екенін айтып, дұрыс бағыт-бағдарын көрсетіп отырады. Жалпы, үйде балаларымызбен көп сөйлесеміз. Олардың болашағына алаңдаймыз. Әрине, бірінші Алланың қолында, екінші ата-ана баланы дұрыс жолға салып, болашағының жарқын болуына атсалысуы керек.
Осы күнге дейін жолдасым екеуміз бір-бірімізді түсініп, сыйласып келе жатырмыз. Аллаға мың шүкір, бүгінде екі қыз бен үш ұлдың ата-анасымыз. Шыны керек, балаларыммен бірге бәріміз Дәкеңнің мінезіне қарап отырамыз. Балалар әкесінің қас-қабағынан-ақ айтқызбай түсінеді. Балаларым әкесінің рұқсатынсыз ешқандай іске бармайды. Жалпы, Дәкең бала тәрбиесіне жіті көңіл бөледі. Әдеби, тарихи, саяси және шетел авторларының шығармаларын көп оқиды және балаларына оқытады. Жолдасымның бала тәрбиесіндегі тағы бір ерекшелігі қыздарына мүлдем ұрыспайды. Ал ұлдарымен жеке сөйлесетін кездері болады.
Өздеріңізге де белгілі, Дәкең қоғамдық мәселелермен айналысады, яғни саясаткер. Оның бойындағы көшбасшылық, елге деген сүйіспеншілігі, туған жеріне деген ыстық ықыласы мен халықтың қамын әрдайым ойлап жүретін қамқорлығы мен үшін үлгі. Сол қасиеттерін балаларымның мінез-құлқынан, бойынан көргім келеді. Олар да әкелері секілді елдің азаматы болғанын қалаймын.
Əйелдер отбасын сақтаушы ретінде бақ-берекені ең алдымен балаларынан