Кетогенді диета дегеніміз не?
Көп адамдар майлы тамақтан бас тартсам, жылдам арықтаймын деп ойлайды. Әдетте біздің ағзамыз қуатты көмірсудан алып, оны глюкозаға айналдырады. Көмірсу жетіспеген жағдайда ғана энергия майдан бөлінеді. Демек, көмірсудан бас тартқан адам, майдан жылдам арылады.
Көмірсудан бас тартатын диета түрі кетогенді диета деп аталады. Кетодиетаны әдетте шыдамдылықты талап ететін спорт түрімен айналысатын спортшылар, марафоншылар мен триатлоншылар жиі ұстайды.
Зерттеулерге қарағанда, кетогенді диетаның әсерінен грелин гормонының бөлінуі тежеледі. Сәйкесінше, бұл гормон адамның өзін аш сезінуін қамтамасыз етеді.
Кетодиетаның негізгі элементі май тамақтану рационының 75 пайызын құрайды. Ақуыздың мөлшері 20 пайыз болса, азық-түліктің құрамындағы көмірсу тек 5 пайыз болуы керек.
Кетодиетаның басты талабы — қанттан бас тарту. Сондай-ақ, ұннан жасалатын тағамдарға тыйым салу керек. Себебі, олар көмірсудың басты қоры болып табылады.
Рұқсат етілетін азық-түліктер:
- Өсімдік майы мен қаймақ (мамандар тек кокос майынан бас тартуға кеңес береді);
- Жаңғақтар;
- Жұмыртқа;
- Еттің барлық түрі, теңіз тағамдары мен балық;
- Саңырауқұлақ;
- Көкөністер, оның ішінде қызанақты ғана аз мөлшерде пайдалану керек;
- Майлы сүт өнімдері.
Тыйым салынған азық-түліктер:
- Кез келген нан, ұн өнімдері;
- Өңделген ет өнімдері, шұжықтар (себебі, оның құрамында қант мөлшері көп болады);
- Картоп пен жүгері;
- Жемістер мен кептірілген жемістер;
- Алкогольді ішімдіктер мен коктейлдер, тәтті сусындар.
Дәмді тамақтан да, арықта!
Диета дегенде, адамдардың бәріне дәмсіз, майсыз, қантсыз тағамдар елестейді. Алайда, кетодиеталық тағамдарды дәмді дайындаудың түрлі тәсілдері бар. Тұтынуға тыйым салынған азық-түліктерді пайдаланбаған күннің өзінде кетодиета сізді аш қалдырмайды. Қуырылған, дәмді, майлы тамақ жеп те арықтауға болады.
- Диетаның бұл түрі тұздан бас тартуды талап етпейді. Басқа диеталардың көпшілігінде тұз мөлшерін азайту көзделген.
- Кетодиета тағамдарды бірге пайдалануға шектеу қоймайды. Еттің барлық түрын, жұмыртқа мен көкөністен жасалған салаттарды тамақтану рационында бірге тұтынуға рұқсат етілген.
- Алайда, диетаның бұл түрі ұзақ уақытқа арналмаған. Себебі, оны өмір салтына айналдыру ағзадағы заттардың тепе-теңдігін бұзады.
- Азық-түліктің калориялығына шектеу қойылмағанымен, күніне 5000 ккалдан артық жинауға болмайды. Әйтпесе, диетаның нәтижесі сіз күткеннен өзгеше болуы ықтимал.
- Бұл диетаның тағы бір артықшылығы — тамақтану уақытын шектемейді. Сағат 18:00-ден кейін «ауыз бекіту» дәстүрі бұл диетаға тән емес. Ақылға сыятын кез келген уақытта тамақатан беруге болады.
- Диета кезінде аузыңыздан ацетонға ұқсас иіс шығуы мүмкін. Бұл ағзадағы кетондардың түзіліуінен болатын әсер. Мұның алдын алу үшін күніне кем дегенде 8 стакан су ішу керек.
Кетодиета ұстайтын «жұлдыздар»
Кетогенді диета Ким Кардашьянның арқасында танымалдылыққа ие болды. Танымал жұлдыз диетаның осы түрі арқылы жүктілік кезінде жинаған артық 30 килограммнан арылған.
Танымал актриса Хэлли Берридің мүсініне қызығатындар көп-ақ. Ол да өзінің кетодиетаны ұстанатынын жасырмайды.
Әлемдегі сұлулықтың символына айналған модель Адриана Лима мен актриса Меган Фокс та көмірсусыз диетаның принциптеріне жүгінеді.