Айдар қою

Балаға шаш қою
Балаға айдар қою ©Baribar.kz

Айдар ер балаға ғана қойылады. Бала қырқынан шыққанда қарын шашының төбесін қалдырып, басқа жерлерін тақырлап алып тастайды. Қалған шашты айдар деп атайды. Оны өсіріп, моншақ араластырып өріп қояды. Бұл баланы тіл мен көзден сақтайды деген сенім бар. Мысалы, Кенесарының інісі Наурызбай батырдың ұзын айдары болған.

Айдар койған балаға арнап мал сойылады. Оған ауылдағы ақсақалдарды шақырып, баласына бата алады. Оған келген сыйлы адамдардың орнына баланы аунатып, «балам осы адамдай болып өссін» деп тілек тілейді. Бірақ «айдар шашты» баланың бәріне бірдей қоя бермеген деген де сөз бар. Негізінен зарығып көрген балаға айдар қойған дейді. Ал ертеде көп жағдайда хан ұрпақтары, бай-манаптар өздерінің ең жақсы көрген және өзінің орнын басады-ау деген балаларына ғана айдар қойған екен. «Айдарлы бала — айбарлы бала» деген сөз осыдан шықса керек.

Айдарды он екі жасқа толғанда алып, алғашқы мүшел жасының құрбандығы ретінде ел-жұртқа көрсетіп, мал сойып, баласының ержеткендігін паш етіп, елдің батасын алатын да салт бар.

Тұлым қою

Балаға шаш қою
Балаға тұлым қою ©Baribar.kz

Ал қыз баланың тұлым шашын өсірген. Ол үшін сəбидің екі шекесіндегі шашын қалдырып, басқасын қырып тастайды. Қалдырылған шашты «тұлым шаш», «тұлымшақ» деп атайды. Бұл да балаға көз тимесін деген ниетпен жасалады. Тұлым шаш өскенде оны алмай, кейін өскен шашқа қосып өреді.

Кекіл қою

Балаға шаш қою
Балаға кекіл қою ©Baribar.kz

Қыз бен ұл балаларға қатар қойылатын тағы бір шаш түрі — кекіл. Онда баланың маңдай шашы ғана қалдырылады. Кекіл сәбидің сүйкімін арттырады. Ондай шашқа ата-ананың балаға деген мейірімі мен сүйіспеншілігі жасырынған. Халқымызда сәбидің кекіліне періште ұялайды деген ырым бар.

Желке шаш қою

Балаға шаш қою
Балаға желке шаш қою ©Baribar.kz

Халқымыз ата-анасынен ерте жетім қалған балалардың желкесіне бір тұтам шаш қоятын болған. Ол басқаларға баланың жағдайын айтпай түсіндіріп, оған қамқорлық таныту керек екенін меңзейді.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.