Қазақстанның батысында ауқымды «Қаратау-2016» оқу-жаттығуы өтуде

Бүгін қорғаныс ведомствосының басшысы Иманғали Тасмағамбетов «Батыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлері, 25744, 86717, 30238, 75488 әскери бөлімдерінің, сондай-ақ, ҰҚК Шекара қызметі және ҚР ІІМ Ұлттық гвардия әскери қызметшілерінің қатысуымен өтіп жатқан «Қаратау-2016» оқу-жаттығуының барысын бақылады.

«Қаратау-2016» оқу-жаттығуы жоспар бойынша әскери бөлімдер мен басқару органдарын жауынгерлік даярлықтың жоғары дәрежесіне келтіру және ауқымды әскери операциялар өткізуге жағдай жасаудан басталды. Екінші және үшінші кезеңде әскери бөлімдер мен құрылымдар бірлескен оқу-тактикалық шараларды дайындап, өткізуге атсалысады.

Аталған жаттығулар «Батыс» өңірлік қолбасшылығының бөлімдері мен құрылымдарының, басқару органдарының ауқымды әскери операцияларды жүргізудегі шынайы даярлығын бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл ҰҚК Шекара қызметі және ҚР ІІМ Ұлттық гвардия сияқты әскери құрылымдардың бірлескен әрекетін жетілдіру мен бақылауды күшейту үшін қажет екенін атап өткен жөн.

Осындай жаттығулар жеке құрамды жауынгерлік шыңдау, дене даярлығы мен төзімділігін бекіту және алыс қашықтыққа әскерді жеткізу дайындығын нығайтуға бағытталады.

«Қаратау-2016» оқу-жаттығуына 7 000-нан аса әскери қызметші қатысуда. Жалпы саны 2500-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде 70-тен аса ҚР ҚК ӘҚК және ҚР Шекара қызметінің әуе техникасы тартылған.