Елімізде туберкулезбен күресуге 42 млрд теңге бөлінді

Медициналық сақтандыру қоры Астана филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, әрбір қазақстандықтар тегін тексеруден өте алады.

«Қазақстанда дәрігер көмегіне жүгінетіндердің 70%-ы ауруханаға жатудан басқа амалы қалмағанда келеді. Бірақ оның алдын алуға болады ғой. Туберкулезді медициналық профилактика жасаудың негізі — үнемі тексерілу. Әрбір қазақстандық тегін қаралады, өйткені оларға кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетіледі», — дейді.

Тегін медициналық қызметтер адам өмірінің түрлі кезеңдерінде көрсетіледі. Мәселен, жаңа туған сәбиге туберкулезге қарсы вакцина (БЦЖ) егіледі. Кейін 7 жасында және 14 жасқа толғанда екпе қайта егіледі. Жыл сайын ересектер арасында флюорографиялық скрининг жүргізіледі.

Биыл туберкулезден зардап шегетін тұрғындарды емдеу, диагностикалау және оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін мемлекет бюджетінен 42 млрд теңге қаражат бөлінді. Қордың берген мәліметіне сүйенсек, 10 жылда елордада туберкулезбен ауыру көрсеткіші 4 есе, ал одан қайтыс болу көрсеткіші 6,8 есе азайған.

Айта кетейік, 2017 жылдың басында Астанада туберкулездің белсенді формасы анықталған 931 адам диспансерлік есепте тұрса, былтыр елорданың 540 тұрғыны туберкулезбен ауырған.

ДереккөзInform.kz