«Бала қауіпсіз жерде. Көптеген адамдар осы мәселемен айналысып жатыр», — деді министр Мәжілісте өткен Үкімет сағатынан кейін журналистердің сұрағына жауап беріп.
Сонымен қатар Е. Сағадиев тергеу аяқталғанға дейін баланың құқығын қорғау тұрғысында жеткіншек туралы түрлі ақпараттарды таратпауға шақырды.
Бұдан бөлек министр мектеп әкімшілігіне қатысты айта келе, егер де бұдан бұрын тараған ақпараттар расталса, онда ең қатаң шаралар қабылданатынын қадап айтты. Ал тергеу жүргізілгеннен кейін, Білім министрлігі мектептерде кешенді тексеру жүргізуді жоспарлап отыр.
«Сәуірдің басында Алматыда барлық үкіметтік емес ұйымдармен кездесу өткізу жоспарда бар. Біз барлығын шақырымыз, оның ішінде Аружан Саинда (қоғам қайраткері — авт.) бар. Осы жиында аталған жағдайларға жол бермес үшін мемлекет пен қоғам қандай қосымша шараларды қабылдауы тиістігін талқылаймыз», — деді Е. Сағадиев.
Еске салайық, Сарыағаш ауданы Абай ауылында тұратын 7 жасар баланың зорланғаны туралы ақпарат қоғамда қызу пікірталас туғызды. Баланың әжесі құқық қорғау органдарына немересін жоғары сынып оқушылары зорлап келгенін айтып, арызданған. Осыған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ, бұл істі арнайы прокурор өндіріске алды.
Кейіннен баланың анасы перзентін Астанадағы «Асыл бала» республикалық қауымдастығы орталығынан алып кеткендігі белгілі болды.
Сонымен қатар, бұл оқиғаға халықаралық сарапшылар шақырылуы мүмкін екендігі айтылды.