Қазақстанда Зейнетақы қорының 13 бөлімшесі жабылды

2018 жылдың басынан бері шағын елді мекендерде 8, ірі қалаларда 5 — жалпы 13 бөлімше жабылған. «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева баспасөз мәслихатында Қор қызмет көрсету орталықтарының тиімділігін үнемі бақылап отыратынын айтты.

«Тұрғындарға зейнетақы қызметтері бәрібір көрсетіледі. Адамдар тым аз келетін бөлімшелер жабылып жатыр. Жабылған бөлімшелерге жақын жердегі қала және аудандық орталықтардағы БЖЗҚ бөлімдері жұмыс істей береді. Бұдан тыс, Қор кәсіпорындар мен ұйымдарға, шалғайдағы елді мекендерге барып қызмет көрсету тәртібін жүргізеді. Осы арқылы Қор бюджеті 2017 жылы 20%-ке үнемделді», — дейді Сәуле Егеубаева.

БЖЗҚ көптеген қызметтерін онлайн режімде көрсетеді. Бұдан тыс, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы трансферагенттік қызметтер көрсету мәселесі де қарастырылып жатыр.

«Әрине, Қордың өз мамандарынан кәсіби кеңес алуға ештеңе жетпейді. Әзірленген стратегия бойынша, БЖЗҚ әрбір салымшы үшін зейнетақыны жеке жоспарлау жөніндегі кәсіби кеңесшісі болуға дайын», — дейді ол.

Статистикаға сүйенсек, 2017 жылы БЖЗҚ қызметкерлері 6,4 млн операция жүргізген. Олар бір күнде 22 мың операция орындайды. Қызмет көрсету бөлімінің бір қызметкерінің күндік орташа жүктемесі 33 операцияны, қызмет көрсету орталықтарында бұл көрсеткіш 21 операцияны құрайды.

Дереккөзkazinform.kz