Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Кене шаққандар саны күрт көбейді: дәрігерлер ескерту жасады

Фото: ustinka.kz
Қазақстанда кейінгі бір аптада кене шағу дерегі күрт артып, 1515 адам медициналық көмекке жүгінген. Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мәліметінше, кене шаққан жағдайлар бірнеше өңірде жоғары деңгейде тіркелген. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысы – 467, Алматы – 425, Алматы облысы – 299 жағдай. Сонымен қатар Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Жетісу облысы және Қостанай облысы аумақтарында да тіркелген.

Кене шағуына байланысты 1462 адамға иммуноглобулин егілген. Бұл инфекция жұқтыру қаупін төмендетуге арналған шұғыл профилактика саналады.

Дәрігерлер кенелер арқылы бірнеше қауіпті ауру тарайтынын ескертеді. Олардың қатарында Кене энцефалиті, Лайм ауруы, Туляремия, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, сонымен бірге қайталамалы сүзек пен риккетсиоздар бар. Бұл аурулар бастапқыда дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және бұлшықет ауыруы секілді тұмауға ұқсас белгілермен байқалады.

Жуырда Жамбыл облысы аумағында кене шағудан кейін адам өлімі тіркелген. Мамандардың айтуынша, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген.

Кене шаққанда не істеу керек?

Сарапшылар кене шаққан жағдайда бірден медициналық мекемеге қаралуға кеңес береді. Егер мұндай мүмкіндік болмаса, кенені пинцетпен теріге барынша жақын ұстап, жайлап жоғары қарай тарту қажет. Оны жаншуға, бұрауға немесе май мен спирт секілді заттар жағуға болмайды. Бұл инфекция жұқтыру қаупін арттыруы мүмкін.

Мамандар кене шаққаннан кейін 30 күн бойы денсаулықты бақылауға шақырады. Егер дене қызуы көтеріліп, бас ауруы, әлсіздік, бөртпе, аяқ-қолдың ұюы немесе қозғалыстың бұзылуы байқалса, дереу дәрігерге жүгіну қажет. Ал шаққан жердің айналасында сақина тәрізді қызару пайда болса, бұл Лайм ауруының белгісі болуы мүмкін.

Дәрігерлер табиғатқа шыққанда жабық киім киіп, шалбарды шұлықтың ішіне салуға, ашық түсті киім таңдауға және репеллент қолдануға кеңес береді. Сонымен қатар серуеннен кейін денені және үй жануарларын мұқият тексеру маңызды.

Мамандардың айтуынша, биыл жылы көктемге байланысты кенелердің белсенділігі әдеттегіден ерте басталған. Алғашқы жағдайлар наурыз айының басында-ақ тіркелген.