Алматы қаласына еліміздің түкпір-түкпірінен көшіп келушілер саны тым көп. Бірі күн көріс қамымен келсе, бірі студент атанып, білім қуып келеді. Әрине, еліміздің ең ірі мегаполисіне келгендердің бас-басына дайын тұрған үй жоқ. Сонымен не керек, «пәтер іздеу», «квартира жалдау» т.б секілді мәселелер басталады. Аталаған проблеманың өз қиындықтары тағы бар. Мұндай жағдайда риэлтордың көмегіне жүгінген дұрыс па? Өз бетіңше пәтер табуға бола ма? Үй иесі ұсынатын келісім-шарттың тиімді тұсы қандай? Алматыда пәтер жалдау қаншалықты қымбат? Осы сұрақтар бойынша, Алматы қаласында пәтер жалдау жұмыстарымен айналысатын маманның пікіріне жүгініп көрдік.

Айдана Ерсінқызы, риэлтор: Пәтердің құны — орналасқан жері мен жағдайына байланысты

Жұмыстың талабы бойынша, 24 сағат жұмыс істеймін. Біздің міндетіміз басқа қаладан келген адамдарға тез арада үй тауып беру немесе үйін сатқысы келетіндерге қол ұшын созу. Қазіргі уақытта үй табу, оның ішінде басқа қаладан келгендерге тіптен қиын. Алматы қаласында 8 аудан бар. Үй жалдау құны әр ауданда әртүрлі бағаланады. Мұны бәрі түсіне бермейді. Қаланың ортасында орналасқан аудандарда пәтер жалдау шамамен 20-30000 теңгеге қымбат болса, қала сыртындағы үйлер керісінше сәл арзан боп келеді. Әркім қалтасына қарай пәтер жалдайды. Біз пәтердің бағасын қожайынмен келісімге отырып, үйдің жағдайына, орналасқан ауданына, қабатына қарай бағалаймыз. Ең қымбат үйлер — Алмалы, Медеу, Бостандық, Әуезов аудандарында орналасқан. Аталған аудандардағы үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілген, толықтай жиһаздармен қамтылған, интернет, телефон, т.б. керек-жарақтармен толықтай қамтамасыз етілген болса, 1 бөлмелі пәтердің құны 120-180000 теңгеге дейін бағаланады. Ал Алатау, Түрксіб, Наурызбай, Жетісу аудандарында дәл осылай жабдықталған пәтерді 80-90000-ға таба аласыз. Сәйкесінше, бөлме саны көбейген сайын, бағасы да арта түседі. Жоғарыда айтып өткенімдей, барлығы пәтердің орналасқан жері мен жағдайына байланысты.

Риэлтор қызметі
©moscow-r.ru

Риэлтор қызметі қалай жұмыс істейді?

Риэлтордың қызметіне жүгінсеңіз, келісім-шартқа отыруды талап етіңіз. Біздің компанияда келісім-шартқа отыру — 20000 теңге. Үлкен қалада үй табу оңай болмағандықтан, ең тиімдісі риэлтордың көмегіне жүгіну. Бастысы алданып қалмасаңыз болғаны. Компанияға келген клиентке біз өзімізді және компания құжаттарын таныстырамыз. Пәтер жалдаушының қалауы бойынша пәтер іздейміз. Табылған нұсқаларды көрсетіп, бірнеше пәтерлерді ұсынамыз. Біз ұсынған пәтер клиентке ұнаған жағдайда, келісім-шартқа отырамыз. Келісім-шарт құжаттарын толтырғаннан кейін, пәтерді көрсетеміз. Қожайын мен пәтер жалдаушы келісіп, сол үйдің кілтін алған жағдайда ғана, қызмет ақысы талап етіледі. Егер де клиентке пәтер ұнамаған жағдайда, біз пәтер іздеуді 2 апта аралығында жалғастырамыз. Күніне бірнеше үй жарияланымдары келіп түсетіндіктен, 14 күн ішінде клиенттің қалаған пәтерін тауып береміз. Пәтер жалдаушы үйге қоныстанбай тұрып, қызмет ақысы төленбейді.

Алданып қалмаудың жолдары қандай?

Риэлтор деген атты жамылып, жалған құжаттармен жұмыс істейтіндер де бар. Олар құжаттарын ешқашан сізге көрсетпейді. Олардың тұрақты жұмыс орны, нөмірі, келісім-шарт құжаттары болмайды және жалғыз жұмыс істемейді. Ең алдымен, сізге қандай үй керектігін сұрайды. Сіздің қолжетімді бағаға сұраған пәтеріңіз, оларда үнемі бар және табылады. Сіздің сұранымыңыздан кейін, олар бірден серіктесіне хабарласып, үй керектігін мәлімдейді. Сізге жалған нөмір мен кез келген пәтердің мекенжайын береді. Нөмірді бермес бұрын бірден ақысын талап етеді. Басқа қаладан келгендер немесе үй жалдап көрмегендер осындай алаяқтарға ұрынып қалады. Ақысын алған соң, сізге берген нөмір «байланыстан тыс» деп тұрады. Себебі, олар бір күнде бірнеше нөмір ауыстырып, есімдерін өзгертіп жүреді. Мұндай жағдайға тап болған адамның риэлтор көмегіне қайта жүгінуі екі талай.

Риэлтормен келісім-шартқа отырмас бұрын, құжаттарға мұқият көңіл бөліңіз. Кейбір риэлторлар жалған келісім-шарт құжаттарымен жұмыс істейді. Келісім-шартты міндетті түрде толығымен оқып шығыңыз. Себебі, келісім-шартта мүлдем басқа дүние жазылған болуы мүмкін. Мысалы, үй қандай жағдайда болса да, қарсылық көрсетпеймін, ақшамның қайтарлуын талап етпеймін, т.б. Келісім-шартта не жазылғанын оқымай, қол қойып, құжаттарын табыстай салатындар әлі де бар. Сол үшін үй қожайынымен бірден тілдесіп, мекенжайды анықтап алыңыз. Келісім-шартта жазылған нұсқаулықтар көңіліңізден шыққан жағдайда ғана қол қойыңыз.

Пәтер жалдаушылардың басым бөлігі — студенттер мен жұмысбастылар

Біз күніне жүздеген адаммен жұмыс істейміз. Соның ішінде 30-40 шақты келісім-шартқа қол қойылады. Пәтерлер ең аз дегенде 15 минут, ең көп дегенде жарты күн тұрады. Көбіне 1-2 бөлмелі пәтерлер тез өтеді. Көп клиенттер пәтердің жартылай жиһазбен қамтылған, су каналдары жақсы жұмыс істейтін және ас үйдің бөлек орналасқанын қалайды. Интернет, балкон, лифт, телефон секілді жабдықтарға сұраныс аз. Себебі пәтер жалдаушылардың басым бөлігі -студенттер мен жұмысбастылар. Таңнан кешке дейін үйде болмағандықтан, оларға қонатын жер болса болды.

Мадина Уалихан, пәтер жалдаушы: Алматы қаласына жұмыс бабымен көшіп келгеніме 3 жыл болды. Осы уақыт ішінде 4 пәтер ауыстырдым. Алматыға келе салып, бірден риэлтор көмегіне жүгіндім. Келісім-шартқа отырып, ақшамды алған соң, нөмірі «өшірулі» деп тұрды. Күніге 10 үйден жіберіп тұрамын, ұнаған үйіңізді таңдап аласыз дегенге сеніп кете беріппін. Сонымен не керек, ақша да, пәтер де жоқ. Алғашында осылай алаяқтарға ұрынып қалғаным бар. Содан кейін риэлтор көмегіне жүгінбейтін болдым. 15-20000 теңге далада жатқан жоқ қой. «Риэлтормен табу оңай, тексерілген компания» деп айатындарға мүлдем сенбеймін. Сондықтан пәтерді өз бетімше табуға тырысамын.

Алматы халқының 70 пайызы өзге қалалардан келгендер

  • Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші бойынша халық саны 1 797 400 адамды құрайды.
  • Алматы қаласы әкімдігі Жастар саясаты басқармасының дерегіне сүйенсек, былтырғы жылдың қорытынды есебі бойынша, Алматы қаласында 14-тен 29 жасқа дейінгілер санатында 483 мың адам бар екен.
  • Жыл сайын Алматы қаласында 30 мыңға жуық жас маман ЖОО аяқтайды. Олардың 7 мыңға жуығы Алматы қаласының тумалары болса, қалғандары өзге қалалардан келгендер.
  • Ресми статистикаға сүйенсек, жоғарыдағы 30 мың жас маманың 75 пайызы Алматыда қалуды жөн көреді екен. Бұл тізімге Алматы маңындағы (Қаскелең, Талғар, Іле ауданы) қалашықтардың жастары кірмеген. Күнделікті келіп-кетіп жатқан жастардың есебіне жету мүмкін емес.
  • Ал қазірдің өзінде алып шаһардағы 81 мыңға жуық студенттің бар болғаны 35 мыңы мемлекеттік жатақханамен қамтамасыз етілген. Қалған 46 мың студент пәтер жалдап тұрады.

Толғанай Иманәлі, пәтер жалдаушы: Алматы қаласының 10 жылдан бері тұрғылықты тұрғынымын. Алғашқы 4 жылында пәтер жалдап тұрдым. Риэлтор қызметі көрсетілетін бірнеше компанияларға бардым. Көңілімнен шыққан бір компаниямен келісім-шартқа отырдым. Осы компанияның көмегімен 3 пәтер ауыстырдым. Риэлтордың көмегінсіз жақсы үй табу — қиын. Алайда халықты алдайтындары да бар. Алданып қалмау үшін аса білімді болудың қажеті жоқ. Құжатқа мұқият болсаңыз болғаны.

Пәтер жалға алушыларға кеңес:

  • Пәтерді ертерек іздеу;
  • Қосымша шығынды талап ететін риэлтордың қызметін сауатты пайдалану;
  • Тұрғын үйдің қожайыны құрған ережені қатаң сақтау керек (уақытында, дер кезінде төлем жасау, тәртіп ұстау, көршілердің тарапынан шағым түсірмеу);
  • Жылдық төлемнің көтерілу мүмкіндігіне байланысты ертерек сөйлесіңіз. Егер пәтер ұзақ мерзімге жалға берілсе, пәтер құнын көтермеу туралы келісіп алыңыз;
  • Кез келген жалға алушыларға барлық ерекшелік пен талап анық көрсетілген жылдық келісімшартқа қол қойған артық емес.