Синоптиктер 10 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялады. Еліміздің барлық аумағында жауын-шашын күтіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Қазгидромет» мәліметінше, жексенбі күні Қазақстанның барлық өңірінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Сонымен қатар синоптиктер бұршақ жауып, қатты дауыл соғатынын ескертті.
Әсіресе еліміздің оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс, сонымен бірге шығыс өңірлерінде нөсер жаңбыр жауады деп күтілуде. Республика бойынша жел күшейіп, түнгі және таңғы уақытта тұман түседі. Ал елдің оңтүстік өңірлерінде шаңды дауыл тұруы мүмкін. Жауын-шашынға қарамастан, еліміздің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады, — делінген хабарламада.
Мамандар еліміздің кейбір өңірінде өрт қаупінің жоғары болуына байланысты тұрғындарды сақ болуға шақырады.
Төтенше өрт қаупі өте жоғары өңірлерге Қызылорда облысының шығысы, Абай облысының оңтүстігі мен орталығы, Жетісу облысының оңтүстік-шығысы мен оңтүстігі жатады. Ал жоғары өрт қаупі бар өңірлер қатарында Ұлытау, Қарағанды, Ақтөбе облысының оңтүстігі, Ақмола облысының оңтүстік-шығысы, Павлодар, Алматы және Жамбыл облыстары бар.
