Мамандығым мен хоббиім біріккен салада жұмыс істегім келеді
Мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті химия және химиялық технология факультетінің студентімін. Бірақ сән мен сұлулық әлеміне деген қызығушылығым кірпік жасау, бетті әрлеу, қас жұлу сынды жұмыстармен айналысуға әкелді. Бүгінде қыздарды сәндеу сүйікті ісіме айналып кетті. Сондықтан, болашақта мамандығым мен хоббиім біріккен салада жұмыс істегім келеді.
Биыл кірпік өсірумен (наращивание ресниц) үшінші жыл айналысып жатырмын. Бұл жолға бірнеше мастер-класстан өтіп, қолымды жаттықтырып келдім. Студент болғандықтан, алдымен құрбыларыма кірпік жасап жүрдім. Содан әлеуметтік желілерде жұмысым тарап, клиенттерімнің саны көбейді. Содан кәсібімді кеңейту мақсатында сұлулық салонын ашып жатырмын. Бұл мен үшін үлкен қадам.
Кірпік өсіру — кірпікті қалыңдатып, көзқарасты әсерлендіріп, қыздардың сұлулығын ерекшелендіру үшін жасалатын процедура. Ол кем дегенде екі сағатта әр табиғи кірпікке жасанды кірпіктерді жабыстыру арқылы жүзеге асатын үрдіс. Осылайша жасанды кірпіктер арнайы күтіммен бір-екі ай тұрады.
Кірпік жасауда ең басты талабым — сапа. Алматыда бұл саланың шеберлері көп. Алайда әркімнің қолданатын материалы, жасау жолдары әртүрлі. Әрине, құралдар мен материалдарды базардан сатып алу арзан әрі тиімді. Бірақ жұмысымның сапалы шығуы үшін керекті құрал-жабдықтардың барлығын арнайы тапсырыспен немесе фирмалық дүкендерден аламын.
Бірнеше жыл бұрын жасанды кірпікті “шелковый”, “норковый” деп бөліп атайтын. Бұл жай ғана маркетингтің бөлшегі. Жасанды кірпік табиғи материалдардан емес, синтетикалық талшықтардан жасалады. Кірпікті ұзарту тенденциясы жоғарылап, клиенттердің сауаты артқандықтан болар қазір бұл терминдер қолданылмайды.
Кірпік өсірудің бірнеше түрі бар: классикалық, 2D, 3D, 4D т.б. Классикалық кірпік өсіруде бір табиғи кірпікке бір жасанды кірпік жабыстырылады. 2D — бір табиғи кірпікке екі жасанды кірпік, 3D — үш жасанды кірпік. Осылайша 15D-ға жетіп, тіпті асып та жатқандары бар.
Кірпіктің көлемін таңдау клиенттің өз еркінде
2D, 3D, 4D сияқты көлемді жасау үшін бірнеше жасанды кірпікті біріктіру керек. Оның екі жолы бар. Бірі — қолмен, екіншісі — ленталы. Біріктіруді шебердің таңдауына қарай жасайды. Мен бірінші амалды қолданамын. Менің ойымша, қолмен біріктірілген кірпіктер жинақы көрінеді. Ал кірпіктің көлемін таңдау клиенттің өз еркінде. Сонымен қатар, көлемді таңдауда көздің пішіні де әсер етеді. Мысалы, кішкентай, қысық көздерге көлемді кірпіктер жараспайды.
Одан бөлек, жасанды кірпік ұзындығы мен қалыңдығына байланысты бірнеше топқа бөлінеді. Ұзындығы 6-дан 15 миллиметрге дейін, ал қалыңдығы 0,05-0,25 миллиметр аралығында болады. Тіпті бұралаңдық (изгиб) та А, В, С, С+, СС, D деп G-ге дейін жалғасады. Бұл параметрлер көздің пішіні мен клиенттің қалауы бойынша шебермен ақылдаса отырып таңдалады. Кебу жылдамдығына байланысты кірпікті жабыстыратын клейдің түрлері де сан алуан. Ол кірпік жасаушының шеберлігі мен жылдамдығына қарай таңдалады.
Кез келген клей көзге зиян
Кірпік өсірудің сан түрлі техникалары бар. Солардың бірі — лифтинг эффектілі кірпік өсіру. Азияттық келбеттегі қыздардың қабақтары үлкен болғандықтан, көздері кішірейіп көрінеді. Ал лифтинг эффектілі процедурада арнайы кірпік жабыстыру техникасы азияттық қабақтың пішінін өзгертеді. Бұл әдіс азияттық қабақты проблема деп есептейтін қыздар үшін таптырмас процедура.
Осылайша, көзқарасқа эффект беру үшін кейбір қыздар кірпіктерінің қалың болғанын қаласа, кейбірі керісінше табиғилықты сақтап, білдіртпей өсіргенді жөн көреді. Алайда кірпік ұзартумен әуестенуге болмайды. Өйткені бұл процедурада қолданылатын кез келген клей көзге зиян.
Ламинаттау процедурасы туралы
Бүгінде кірпікке ешқандай зиянсыз ламинаттау процедурасы — сән индустриясында бой алып келе жатқан жаңа инновация. 1-1,5 сағатта жасалатын бұл процедура табиғи компоненттерден тұратын арнайы ламинаттау қоспасы арқылы кірпіктерге көлем беріп, бұралаңдығын арттырады.
Кірпікті ламинаттау үш қадамнан тұрады. Алдымен силиконды валикті қабаққа жабыстырып, кірпіктерді оның үстіне көтеріп тарайды. Содан соң арнайы қоспа жағылып, 10-15 минутқа көз ауа өткізбейтін пленкамен жабылады. Бұл үрдіс үш рет қайтара жасалады. Ал соңында кірпіктің өсуін жылдамдатып, қалыңдату үшін арнайы ботекс майы қолданылады. Ол кірпіктерді одан сайын әрлей түседі. Процедура аяқталған соң, бір тәулік көзге су тигізуге болмайды.
Ламинаттаудың ерекшелігі оның зиянсыздығында. Себебі процедура барысында кірпіктер қажетті минералды компоненттермен қанығып, жақсара түседі. Оның үстіне табиғи жылтырау мен бұралаңдылығын екі айға дейін сақтайды. Ламинаттанған кірпіктерге су тисе де, көзді уқаласаңыз да эффектісін жоғалтпайды. Сол себепті кірпікті ламинаттау тиімді әрі пайдалы. Клиенттеріме әрдайым бұл процедураны ұсынамын. Қазір табиғилық сәнге оралғандықтан, болашақта ламинаттау үлкен сұранысқа ие болады деп ойлаймын.
Кірпік күтімі жөнінде 5 кеңес:
- Кірпік қайыратын қысқыш қайшыларды мүлдем қолданбаған жөн. Олар кірпікті бұзады.
- Кірпіктің өсуін жылдамдататын кастор майын ұйықтарда сүрту керек. Көп қыздар ұйықтарда жағып жатады. Алайда ол дұрыс емес. Себебі ұзақ уақыт тұрған май қалдықтары көзге зиян келтіреді.
- Тушьті жиі қолданудан аулақ болған жөн. Кетіргенде жақсылап сүрту керек.
- Косметика таңдағанда бағаға емес, сапаға көңіл бөлген жөн. Себебі көздің саулығы кірпіктен басталады.
- Кірпікті өсіру немесе қандай да бір процедураларды араға уақыт салып жасаған дұрыс. Кірпіктерді демалту маңызды.
Автор: Аида Арманқызы
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.