Сәтбаев Қаныш Имантайұлы Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі тұңғыш президенті, КСРО және Қазақстан Ғылым академияларының академигі, Тәжікстан Ғылым академиясының құрметті мүшесі, қоғам қайраткері, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лауреаты.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған. Мұғалімдер семинариясында Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. Шәкәрім Құдайбердіұлымен тығыз байланыста болып, оның шығармашылығын жоғары бағалаған. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің іс-әрекетіне қолдау білдірген.
1920-1941 жылдары Баянауылда халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған. 1941-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болған.
1952 жылы әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен төмендетіліп, Қазақ КСР Геология институтының директоры болып тағайындалған. 1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарған.
1947 жылы Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері кентасты кендер геологиясы мен Қазақстанның минералды ресурстарына арналған. Жезқазған кенін зерттеу және Орталық Қазақстанның (Сарыарқаның) металлогендік және болжам картасын жасауда көп еңбек сіңірген. Ол ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізген. 1926-1929 жылдары кені мардымсыз өңір болып саналған Жезқазғанды ірі мыс кентасты аудан қатарына көтеруде Сәтбаевтың еңбегі өте зор болды. Бұрынғы геологиялық деректерге терең талдау жасап, бұл кен ауданының кең көлемдегі геологиялық-барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі нысан екенін дәлелдеген. Минералдық шикізаттарға бай Сарыарқа, Кенді Алтай және басқа да аймақтарды ерекше назар аударып зерттеген.
1927-1928 жылдары — Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар, Спасск аудандары, Қарағанды тас көмір алабы және Қаратау полиметалл кендері жөнінде ғылыми маңызды еңбектер жариялаған.
1929 жылы Атасу темір-марганец кендерін игерудің негізінде Қарағанды облысында қара металлургия өнеркәсібін дамыту туралы мәселе көтерген. Жезқазған — Ұлытау ауданында мыстан басқа темір, марганец, көмір, қорғасын кендерін ашып, барлау нәтижесінде маңызды геологиялық қорытындылар жасаған. Ұлы Отан соғысы жылдарында танк бронын құюға қажет марганец тапшылығы туған кезде Сәтбаевтың жетекшілік етуімен өте қысқа мерзімде Жезді марганец кені барланып, іске қосылған. Академиктің қолдауымен Алматыда Орта Азия геофизика тресі ұйымдастырылып, Қазақ КСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі құрылған. Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырып, ондағы бөлімдерді, оған қарайтын институттарды, зертханаларды, секторларды, базаларды дұрыс жоспарлаған. Ғылыми кадрлар дайындау ісіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелерін халық шаруашылығының мүддесіне бағыттап, шаруашылық және мәдени құрылыстың басты мәселелерін шешуге белсене қатысқан. Жезқазған кен-металлургия комбинатын, Қарағанды мен Балқаш металлургия зауыттарын, Ертіс-Қарағанды арнасын салу, Маңғыстау, Мұғалжар, Торғай өңірлерінің табиғи байлықтарын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, республикамыздың ірі минералдық шикізат қорларын — Кенді Алтайды, Қаратау фосфоритін Қостанай мен Жезқазған — Ұлытау өңірлеріндегі темір, марганец, т.б. көптеген кен орындарын игеру Сәтбаев есімімен тығыз байланысты.
Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған.
Жезқазған — Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындаған. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.
Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп және көптеген ғалымның ескерткіштері бар. Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына, бір қала мен ғаламшарға, еліміздің ең ірі техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне берілген. Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі аталған.
4 мәрте Ленин, 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.