Weekend Almaty: Демалысты қалай өткізуге болады?

Алдағы демалысты қалай өткізуге болады? Егер сіз Алматы қаласында болсаңыз, біздің анықтамалық сізге септігін тигізе алады. Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай қандай іс-шаралар өткізіледі, қандай фильмге немесе қойылымға баруға болады? Baribar.kz ұсынған тізімді қарап шықсаңыз болады.

«Аққулар ұйықтағанда» қойылымы

Мұқағали Мақатаев
©Qamshy.kz

Бүгін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында премьера. Театр ұжымы ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Аққулар ұйықтағанда» драмасының тұсауын кеседі. Басты рөлдерге Жомарт Зейнәбіл, Мерей Әжібеков, Нұржамал Әбілқияс бекітілген, ал сахна сыртындағы Мұқағалиды Елдар Отарбаев дыбыстайды. Басталуы — кешкі 18:30-да.

Мәскеу циркі

Carnelly Мәскеу циркі
©sxodim.com

Қазақ Мемлекеттік циркінде 3-25 ақпан аралығында «Үлкен Мәскеу циркі» өнерпаздары «Carnelly» қойылымын көрсетеді. Онда акробаттар, әуе гимнастары, маймылдар, иттер мен сайқымазақтар, сондай-ақ, жоғары атүсті мектебінің триосы болады. 4 жасқа дейінгі балаларға циркке кіру тегін.

«Қыран-2018» республикалық турнирі

Қыран турнирі
©sxodim.com

Алматы қаласының ипподромында 8-10 ақпан аралығында «Қыран-2018» сұңқар баптаушыларының республикалық турнирі өтеді. Оған «Саят» ұлттық спорт түрінің құс баптаушылары қатысады. Биылдан бастап өткізілетін бұл шара енді жыл сайын болатын дәстүрге айналмақ. Байқауда 60-қа жуық құсбегі бақ сынайды. Олар Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Ақмоладан келген.

«Сыншы таңдауы» киномарафоны

Кинозал
©almaty.ppz.kz

Осы демалыста Қазақсатнның киносыншылар ассоциациясы көрермендердің назарына екі фильм ұсынбақ. Алғашқысы 9 ақпан күні сағат 18:00-де, екіншісі 10 ақпан күні дәл осы уақытта өтеді. Өтетін орны: Панфилов — Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Кино» кафе кинозалы. Кіру тегін.

Осы аптада қандай фильмдер жарыққа шыққанын мына сілтемеден көре аласыздар. Демалыстарыңыз сәтті өтсін!