Мекеме ішіне заманауи электронды терминал қойылып, қызмет көрсету түріне қарай әр маманға тиісті нөмірленген табло орналастырылды. Мұндағы жаңа қондырғылар жұмыс іздеушілердің себепсіз кезек күтпеуін қамтамасыз етіп, алдын-ала өз таңдауына қарай анықтама алуына мүмкіндік береді.
Аталмыш ғимараттың ашылу рәсіміне қала әкімі Ғ.Әбдірахымов қатысып, шаһар тұрғындары үшін істелініп жатқан игі бастамаға сәттілік тіледі.
— Қаламыздағы тұрғындар санының артуымен жұмыссыздық өзекті мәселеге айналып отыр. Біз осы түйінді шешу үшін қала орталығынан озық технологиямен жабдықталған жаңа ғимаратты шаһар тұрғындарына қызмет көрсетуге беріп отырмыз. Әлемнің дамыған елдеріндегідей Еңбек биржасын құрып, түрлі жұмыс орындарын ұсынуды жоспарлап отырмыз, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ, орталықтың қызмет ұсынымына сай жасы ұлғайған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы қызмет түрлерін де ұсынып отыр. Атап айтар болсақ, құлағы нашар еститін және көзі нашар көретін бірақ еңбекке қабілетті азаматтарға сурдо аударма маманы қызмет етеді. Күніне 110 азаматқа бос жұмыс орындары бойынша жолдама беріліп, сапалы қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда, аталған орталықта 7 бөлім, 53 штаттық бірлік ел игілігі үшін қызмет етуде.