Аталмыш шара барысында ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ұйымның одан әрі жұмысының бағыттары белгіленді.
Отырыста көтерілген басты мәселе — Цифрлы күн тәртібін іске асыру барысын талқылау болды. Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп, ұйымға мүше мемлекеттер Цифрлы күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарының ережелері мен басымдықтарын іс жүзінде іске асыруға көшті.
Іс-шара аясында премьер-министрлердің тапсырмасы бойынша әзірленген ЕАЭО-да тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге қол қою өтті. Қатысушылар ЕАЭО елдерінде тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар, 2017 жылы өзара сауданың жағдайы туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның баяндамаларын тыңдады.
Сондай-ақ, комиссия назарына ЕАЭО-дағы қант нарығында қалыптасып жатқан жағдайды талдаудың нәтижелері және агроөнеркәсіп кешені дамуының бірлескен болжамдары, ауыл шаруашылығы өнімі, азық-түлік пен шикізаттың жекелеген түрлері бойынша ЕАЭО елдерінің сұранысы мен ұсыныстары теңгерімдері ұсынылды.
Айта кетейік, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Өзбекстан премьер-министрлері, Әзірбайжан мен Тәжікстан делегациялары түске дейін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша ұйымдастырылған «Жаһандану дәуіріндегі цифрлы күн тәртібі» атты форумның жұмысына қатысты. Олар форум барысында отандық экономикаларды цифрландыру мен аталған саладағы бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыру мәселелерін талқылады.