Жемқорлықпен түскен 14 млрд теңге мемлекетке қайтарылды

«Біздің әрбіріміз күн сайынғы жұмыста жемқордың өзіне парақорлықпен күресуге моральдық құқығы жоқ екенін толығымен түйсінуіміз керек. Ішкі сыбайлас жемқорлықтың әрбір фактісін жасырмай айтып, ол іс қылмыстық-құқықтық тұрғыда тергелуі керек», — дейді Алик Шпекбаев ведомствоның коллегиялық отырысында.

Оның айтуынша, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл агенттігі өткен жылы 1835 сыбайлас жемқорлыққа қатысты істің бетін ашқан. Бұл 2016 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда, 18 пайызға төмен. 108 жүйелі жемқорлықтың беті ашылып, 320 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 5 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылған. Қолға алынған шаралардың арқасында мемлекет қазынасына 14 млрд теңге қайтарылған.

Агенттік төрағасының айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басты шарттарының бірі — мемлекеттік аппараттың толықтай тазалығы болып табылады. Алик Шпекбаевтың сөзіне сүйенсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижесі арқылы еліміздегі инвестициялық климаттың жайлылығын сақтауға болады.

Қазіргі уақытта Агенттіктің аумақтық бөлімшелеріне шетелдік компаниялардың жұмысына тексеруші органдардың заңсыз араласуының алдын алу сатысын жүргізу тапсырылып отыр.

Дереккөзkazinform.kz