Қалай Нұрсұлтан Назарбаевтың аспазы атанды?
Совет сауда техникумын бітірген соң, әскерге кеттім. Әскерден келген бетте министрлер кеңесіне қарасты шаруашылық басқармасының диеталық асханасына жұмысқа шақырды. Бұл 1985-87 жылдар болатын. Бір күні маған Мәскеуге ұшатынымды, бір адамның тамағын әзірлеп беретінімді айтты. Оны «Қайырлы таң» мен «Қайырлы түн» дегеннен артық сұрақтармен мазаламауымды ескертті. Мәскеуге келгенде Нұрсұлтан Әбішұлын көрдім. Ол кезде ҚазССР Министрлер кеңесінің төрағасы болатын.
Алғаш рет бірге 18 күндік сапарға шықтым. Төрт күннен соң ол барлық орынбасарларын, күзет бастығын шақырып, мені өз командасына бекітуді тапсырды. Содан бастап 27 жыл бойы оның жеке аспазы болдым. Бірге Ресейге, басқа да шетелдерге бардым, жеке пәтерінде қызмет еттім. Қателеспесем, сегіз жыл өткенде бір немесе екі көмекші аспазды өзіммен бірге алып жүруге рұқсат берді. Мен көбінесе тек біреуін ертіп жүретінмін. Сосын бір немесе екі даяшы бірге жүреді. Кейде даяшы екеуіміз ғана қызмет ететінбіз.
Жұмыс режимі қандай болды?
Кейде тәулігіне бір-екі сағат қана ұйықтайтынбыз. Жұмыс режимі өте қатал болды. Қателікке жол жоқ. Бір рет қателессең, бітті, жоқ боласың. Азық-түлікті тексеріп, бақылап отыратынмын. Былайша айтқанда «грибной человек» (тағам құрамында у бар-жоқтығын жеп тексеретін адам — baribar.kz) болдым. Өзім жеп көрген соң ғана үстелге қоятынмын. Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге жүріп Лукашенко, Кучма, Горбачев, Медведев, Путиндермен таныстым…
Менің негізгі бастығым президент істері жөніндегі аппараттың жетекшісі Владимир Васильевич Ни болды. Дегенмен Нұрсұлтан Әбішұлы маған өте жылы қабақ танытты. Екеуіміз отырып, сөйлесетінбіз. Әңгімеміз қысқа болса да, үй-жайымды, отбасымды сұрайтын. Маңызды мәселелердің бірі пәтер жайы болды. Бірақ мен жұмыс орнымда өмір сүрдім десем де болады. Себебі тәуліктің қай уақыты болса да шақырып алатын. Таңертең үйімнен жұмысқа кетіп, кешкісін әйеліме Мәскеуден немесе Қазақстанның басқа қаласынан хабарласып тұратынмын. Себебі бәрі аяқ астынан шешілетін еді.
Бұл жұмыста жеке өміріме, жоспарларыма орын жоқ болды. Бәрі тек бір-екі күн бұрын ғана шешілетін. Бастық шетелге кететін болып, ол тізімде мен болмасам ғана жолдама алып, демалысқа кетуге мүмкіндік туатын. Көбінесе 10 күнге ғана босататын. Тіпті бір ұшақтан шығып, келесі ұшаққа мініп, жұмысқа кеткен кездерім болды.
Азық-түліктер қайдан алынды?
Сүт пен етті сол кездегі Панфилов Совхозынан әкелетін. Басқа азық-түліктерге тапсырыс беріп, сертификатымен алатынбыз. Онда қазіргідей тағамдарды тексеретін құрылғылар жоқ. Бәрін өзің жеп, тексеріп көруің керек болатын.
Президент қандай тамақтарды жақсы көреді?
Ол тамақ талғамайтын. Бастысы дәмді әрі әртүрлі болуы керек. Дегенмен, нағыз қазақ ретінде асылған етті жақсы көретін. Көкөністермен пісірілген тауық етін, балықты, борщты да ұнататын.
Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ асханасына өте қатты мән беретін. Маңызды қонақтар келгенде қазақтың өзіндік асханасы бар екенін, оның сан түрлі екенін, қонақжайлығын көрсету үшін дастарханда қазақы тағамдар тұрғанын қалайтын.
Бірде Бил Клинтонды итальялық мейрамханада күттік. Бірақ Владимир Васильевич қазақтың ұлттық тағамдарын да әзірлеуге тапсырма берді. Ол кісі бір қадам алда ойлайтын. Сөйтіп қонағымызға Капрезе салатын, кептірілген алмұрт қосылған ризотто бердік. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз не Итальядамыз ба? Өзіміздің асханамыз жоқ па еді?»- деді. Мен бесбармақ, қуырдақ пен манты алып келдім. Бастық риза болды. Қонағымызға да ұнады. Тек қойдың басынан шошып кетіп, ары қарай алып қоюымызды өтінді. Кейін итальялық аспаз екеуімізді шақырып, маған рахмет айтты.
Қазір ойлап отырсам, сол кездерде жұмыс істеген өте қызықты болатын. Ол жас мемлекеттің енді-енді аяққа тұрып келе жатқан шағы еді ғой. Нұрсұлтан Әбішұлының жанында жүріп, оның қалай дамығанын көрдім, өзімді де дамыттым. Бірақ 27 жылдан соң бұл жұмыстан кеттім. Қазір үлкен банкет залында бас аспазбын. Қызметімді әлі де жалғастырып келемін, бірақ жаным тыныш. Себебі президент асханасындағы жұмысымның жауапкершілігі зор, әр күнім бір сынақ еді.
Мен отбасымды Қазақстан Республикасының бірінші адамын тамақтандыру мәртебесіне алмастырдым десем де болады.
Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден оқуға болады.