Қысқы Олимпиада чемпионына 250 000 доллар беріледі — Комитет

Бүгін Талғарда Қазақстан құрамасын Пхенчхандағы Қысқы Олимпиадаға салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Жиынға қатысқан ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Олимпиадаға қатысатын спортшыларға сәттілік тіледі. Допингке қатысты мәселе туындамас үшін, спортшылардың сынамасын Германияның зертханаларына жолданғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов «Сочи Олимпиадасындағы көрсеткіштен төмен емес нәтиже көрсету» мақсатқа қойылғанын айтады.

Елсияр Қанағатов: «Қазір Қысқы Олимпиадаға соңғы дайындық жаттығулары өтіп жатыр. Құрамада шаңғы, мәнерлеп сырғанау, фристайл-акробатика, шорт-трек, тау шаңғысы сияқты спорт түрлерінен 49 жолдама бар. Нақты жолдамалар саны 2-3 күннен кейін көбеюі де мүмкін», — деді .

Комитет төрағасының айтуы бойынша, Олимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақы көлемі өзгеріссіз қалады.

Елсияр Қанағатов: «Олимпиада жүлдегері атанған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына берілетін сыйақы мөлшері өзгермейді. Алтын медалға 250 мың доллар, күміс жүлде иегеріне 150 мың доллар, қола жүлдеге 75 мың доллар беріледі. Сыйақы алтыншы орынға дейін тағайындалады», — дейді .

Айта кетейік, салтанатты шараға қазіргі уақытта жаттығуларын пысықтап жатқан шаңғы жарысы, биатлон және фристайлдан ұлттық құрамалардың спортшылары қатысты.

 фристайл-акробатика шебері Жанбота Алдабергенова: «Құраманың кез келген мүшесі Пхенчханда қолдан келген барлық мүмкіндікті жасайды. Үйге жеңіспен оралғымыз келеді — дейді.

Еске салайық, ХХІІІ Қысқы Олимпиада 9-25 ақпанда Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтеді. Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-трекші Абзал Әжғалиев ұстап шығады.