Тіпті емшегінің ұшындағы үрпісіне дейін «тепсініп» көрінеді. Тіпті кіндігінің шұңқыры мен бөксесі де «табиғи». Қыз бен жігіттің жеңдерінің жиырылғанына қарап, үстерінде лыпа бар екенін аңғарасың. Бірақ, оларды қымтап көрсетпей, абыройларын айрандай төгіп қойған мүсіншіге не қайран! Ұлттық мүддені емес, туындысын көптің көз құртына айналдыруды, нәпсіні қоздыруды ойлаған мүсіннен ұрпаққа қандай тәлім-тәрбие бар? «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген осы-ау. Сонда дейміз-ау, қазақтың Астанасында ұлттық киімдегі ғашықтарға орын жоқ болғаны қалай? Бұл мәселе жайлы үнемі көтеріп, ел билігінің назарын аударуға талпынып жүрген ұлтжанды азаматтар жоқ дей алмаймыз. Бірақ олардың сөзі биліктің құлағына жетпей жатса қайтеміз.
Жуырда елорда тұрғыны Бақытжан Бермағамбет Yvision.kz сайтындағы блогында Астана төріндегі ашық-шашық киінген қыздың образына қатысты мәселені көтеріп, көпшіліктің қолдауына ие болды. «Қос бұрымды қыздың нәзіктік пен әйелге тән образды білдіретінін білсек те, оның тым ашық киімде тұрғаны көңілімізді түсіріп тастады, оның бар тәні ашық, тіпті емшегінің үрпісі де көрініп тұр. Кіндігі көрінген қазақ қызының көпшілік алдында көрінуін қаламаймыз. Одан эротиканың емес, сыпайылық пен пәктіктің белгісі көрінсе деп едік. Шетелдіктер немесе еліміздің өңірлерінен келгендер елордамыздың мәдени орындарын аралағанда не айтады?» — деп жазды Бақытжан аға күйініп.
Осы жолы әділдік салтанат құрып, қала тұрғынының ашынған жан айқайына Астананың Суретшілер одағының төрағасы Тоқтар Ермеков “Ғашықтар” мүсінінің неліктен эротикалық болып шыққанын түсіндіріп беріпті. Ол кісінің сөз саптасынан қымсыну, ұялу сезімін аңғармадық. Керісінше, анайылықты үлкен өнер деп бағалайтыны байқалады. Қазақылық жайлы бір ауыз сөз жоқ. «Мен не деймін, домбырам не дейдінің» кебі баяғы. Құрметті оқырман, төрағаның сөзін өздеріңіз пайымдап, бағасын бере жатарсыздар. Төрелігін сіздерге қалдырдық.
Бірінші Суретшілер одағының төрағасы қала тұрғынына бұл композицияда қолданылған әдіс ертеден бар екенін, бұл композиция авторын жақсы мүсінші әрі маман ретінде, өз ісін білетін адам ретінде бағалайтынын білдіріпті. Одан әрі былай көсіліпті: «Ол қолданған әдісті ежелгі гректер де адамзат тәнінің сұлулығын көрсету үшін қолданған. Олар модельге дымқыл киім кигізген. Сонда керемет қыртыстары көрініп, адам тәнінің тірі келбеті көрінді. Ол осы әдісті қолданды. Ал жабық киім кигізсе, қызық емес әрі скульптуралық мәні болмай қалады», — деп бір қойыпты.
Ол композициядағы қыздың нәзіктікті көрсетіп тұрғанын айта келе: «Олардың көріп қалғаны киімнің денеге жабысып, оның пішінін қайталап тұрғаны. Меніңше, мұндай сын негізсіз. Шетелде бұдан да артық жұмыстар кездеседі, бізде ондай мүсіндерді қойғызбас еді. Онда мұсылман елдеріндегі заңға бағынып, адам мүсінін салуға тыйым салайық», — деп ашуланып алғанға да ұқсайды мүсінші.
Суретшілер одағы төрағасының сөзі көптің қолайына жақпағасын, Парламент мәжілісіне келген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан көпшіліктің наразылығын туғызған «жартылай жалаңаш мүсінге» қатысты пікірін білдік. Қанша дегенмен еліміздің мәдениетіне жауапты тұлғаның ойы маңызды екені даусыз. «Шынымды айтсам, бұл мүсін жастар үшін жасалған. Астананың суретшілер одағының төрағасы мұның көркем туынды екеніне әділ баға берді деп ойлаймын. Алайда біз өз дәстүріміз бар елміз. Халықта наразылық болып жатқанын біз есепке алуымыз керек», — деп ағынан жарылған министр ойын былайша жалғады:
«Мүсінді матамен жабудың қажеті жоқ. Кейбір жерін өзгертуге болады, әрине. Біз қазір комиссия құрып, авторына кей тұстарына өзгерістер енгізуін айтамыз. Мұндай жағдай әлемдік тәжірибеде қарастырылған. Егер халықтың белгілі бір пікірі болса және ол әсер етсе, әрине, біз оған жауап беруіміз қажет», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Ол түйінді сөзінде “мүсін композициясы еркектің еркіндігін, әйелдің тазалыққа деген құштарлығын көрсетіп тұр” деп, мүсін композициясына өз бағасын берді.
Нағашыбай Қабылбек