Алматыда алтыншы тегін мұзайдын ашылды

Бұл сырғанақ алматылықтар мен қала қонақтары үшін тәулік бойы тегін жұмыс істейді. Арасында мұзға байланысты екі техникалық үзіліс бар. Бұл осыған дейін салынған мұз айдындарының ішіндегі ең кішкентайы болып саналады. Сонымен қатар, алаң конькилерді жалға беру және тамақтану орталықтарымен қамтамасыз етілген. Олар демалыс күндері 11:00-ден 23:00-ге дейін, ал жұмыс күндері 12:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Конькиді 1 сағатқа жалға алу 600 теңгені болса, 1 сеансқа (3 сағат) 1500 теңгені құрайды. Келушілер өз конькилерімен тегін сырғанауға да болады.

«Бүгін біз балаларымызбен келдік. Өзіміз жақын жерде тұрамыз. Тегін сырғанау алаңы ашылып жатқаны әрине бізді қуантады. Ол еліміздегі спортты дамытуға өз септігін тигізеді деген ойдамын. Енді жиі келіп тұруға тырысамыз. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз», — деді Алмаз Удемтачиев есімді ата-ана.

Мұз айдынның ашылу рәсіміне көптеген балалар мен ата-аналар қатысты.

«Маған бұл жер қатты ұнады. Басқа мұз айдындарында да жиі боламын. Конькиді жақсы теуіп үйренгім келеді. Бұл жердің атмосферасы қызықты болып тұр, аниматорларда жақсы екен», — деп келушілердің бірі Салима Ақылбек.

Естеріңізге сала кетейік, 1 желтоқсаннан бастап осындай тегін мұз айдындары Жібек жолы — Абылай хан көшесінде, Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағының алдында, «Март» сауда орталығы маныңда, Спартак стадионында және Дубок ықшам ауданында ашылған болатын. Жақын арада тегін мұз алаңдары Алатау және Наурызбай аудандарында іске қосылады.

Аталған мұз айдындар тек жаппай сырғанауға арналған. Олар қыс мезгілінің соңына дейін жұмыс істейді. Жоба ұйымдастырушысы — Алматы қаласының әкімдігі.