Тегін мұз айдыны
©Спорттық-ақпараттық ХАБ

Алаңның ашылу салтанатына Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев пен Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев  қатысып, жиналған қауымды Тәуелсіздік мереке қарсаңында құттықтауларын жеткізді.

“Құрметті, қала тұрғындары мен қонақтары! Баршаңызды қастерлі  мерекеміз Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қала әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында алып шаһарда тегін мұз айдындары ашылуда. Мұның барлығы – қала тұрғындарын, әсіресе балаларды спортқа баулу мақсатында атқарылып жатқан жұмыс”, – деп атап өтті аудан әкімі Ержан Жылқыбаев.

Ашылу салтанаты кезінде алматылық клубтың жас хоккейшілері шеберлік сабағымен өнер көрсетіп, педагогикалық университет студенттерімен бірге жаппай сырғанауға қатысты.

“Біз қонақтарға жақсы көңіл күй сыйлауға тырыстық. Күн сайын коньки тебемін деп айта алмаймын, алайда қаламызда тегін мұз айдындарының ашылып жатқанына аса қуаныштымын. Бұл – керемет жаңалық. Енді достарыммен бірге жиі келіп тұрамыз”, – деп бөлісті оқушылар үйінің тәрбиеленушісі Альбина Сафарова.

Айта кетейік, алаң кәсіби борттармен жасақталған. Техникалық үзіліс мұз айдынға байланысты жасалады. Алдағы уақытта тамақтану орталықтары да ашылатын болады. Аталған мұз айдындар тек жаппай сырғанауға арналған. Олар қыс мезгілінің соңына дейін жұмыс істейді. Жоба ұйымдастырушысы Алматы қаласының әкімдігі болып табылады.

Еске салайық, бұған дейін қалада тегін 3 мұз айдыны ашылған болатын. Олар Абылай хан көшесінде, Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағының алдында және «Март» сауда орталығының жанында орналасқан.

Сондай-ақ, бірнеше күннен кейін тегін мұз алаңдары Әуезов ауданында, Жандосов көшесіндегі «Дубок» ықшам ауданында, Бостандық ауданында «Вилла дей Фиори» кешенінің маңында  және Алатау, Наурызбай аудандарында  іске қосылады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!