Экономиканың жаңғыруы еңбек нарығының қайта құрылуын талап етеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 4 бағытта жаңғыртуды іске асыру жұмыстарын бастағанын айтты. Олар: еңбек нарығын жаңғырту, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жаңғырту, азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жаңғырту және арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту.

Еңбек нарығын жаңғырту экономиканы жаңғыртумен тікелей байланысты. Министрдің болжамы бойынша, келешектегі төртінші өнеркәсіптік революция көптеген кәсіптердің жойылуына әкелуі мүмкін. Жеке салалар жойылады. Бұл жаңа салалар мен жаңа кәсіптердің пайда болуына байланысты болады. Бұл үрдіс бір жағынан еңбек ресурстарының қысқартылуына әкелсе, екінші жағынан жоғары білікті жұмыскерлерге сұраныстың артуына жол ашады.

Т. Дүйсенова экономиканы жаңғырту аясында министрлік алдында өте өзекті – еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру міндеті тұрғанын айтты. Себебі бүгінде еңбек нарығында елеулі мәселе бар.

«Жалдамалы жұмыскерлердің саны 6 млн адамнан жоғары. Олардың 20%-ның орта білімі бар. Экономикаға тартуға болатын біздің қорға қарайтын болсақ, 445 мың адамның 32% тек қана мектеп білімі бар жұмыссыздар. 2,3 млн өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамның шамамен 50%-нда ғана орта білім бар», — деп министр статистикамен таныстырды.

Осы орайда биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру жұмыстары бастау алды. Бағдарламаның басты мақсаты – азаматтарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға немесе кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқыту. Білім алатын адамның барлығы өз бетімен жұмысқа орналасуға, өз ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге мүмкіндік беретін кәсіби дағдыларды игеруі керек.

Бағдарламаның 3 бағыты бар. Біріншісі – «Азаматтарды оқыту» аясында 15 жастан 24 жасқа дейінгі аралықтағы адамдар ТжКБ аясында бірінші мамандықтарын тегін оқи алады. Мұнда бірінші кезекте бірнеше жыл қатарынан ҰБТ тапсыра алмай жүрген 21 мың жас азамат тартылатын болады. Мемлекет осы санаттағы адамдарға стипендиялар бөліп, тегін жол жүру мүмкіндігімен және бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз ететін болады.

Жасы 24-тен асқандар үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылады. Мұнда олар тегін екінші мамандықтарын ала алады.

Алыстағы елді-мекендердің тұрғындары үшін ұтқыр оқыту курстары ұйымдастырылады. Олар — арнайы жабдықталған сыныптары бар автобустар түрінде болады. Жобаны пилоттық режимде биыл 5 облыста: Шығыс Қазақстан, Павлодар Ақмола, Ақтөбе, және Қостанай облыстарында іске қосу жоспарланған. Негізінен техникалық мамандықтарды қамтуға басымдық беріледі.

Тағы да бір жаңалық – егер алғашқы оқыту-үйрету жұмыстары — жұмыс берушілердің сұранысы бойынша жүргізілсе, қазірде сұранысқа ие боп отырған мамандықтарға тікелей кәсіби дағдысы бар бизнесмендерді, өнеркәсіп-өндіріс шеберлерін шақыру арқылы оқытатын болады. Сабақтар келесі үйлесім бойынша жүргізілмек: 30% – теориялық білім болса, 70% – практика жүзіндегі сабақтар.

Т. Дүйсенова ханым Бағдарламаның келесі, екінші бағыты – шағын несие беруде де біршама  өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Егер о баста шағын несие беруде 3 бағыт болса, қазір осы  үш бағыт біріктірілген. Бұдан басқа, егер бастапқыда Жол картасы аясында тек ауыл тұрғындарын ғана қаржыландырып, несие берсе, енді Бағдарлама аясында қала тұрғындарына да несие алу мүмкіндігі болады. Несие мөлшері 3 млн теңгеден — 18 млн теңгеге дейін өсті. Мерзімі бұрынғысынша 5 жыл болып қалдырылды. Түпкілікті тұтынуға дейін несиелер жылына 6% деңгейіне жетуі керек. Тағы бір жаңа мүмкіндік – кепілдік алу. Егер азамат өз ісін бірінші рет бастап жатса, берілетін несие сомасының 85% дейін агрокепілгер кепілдік бере алады. Ал енді азаматтың әрекеттегі бизнесі бар болса, онда  агрокепілгер оның несиесінің сомасының 50% дейін кепілдік береді.

Халықтың әлеуметтік аз қорғалған топтарына әлеуметтік қолдау көрсету мәселесінде жастардың  тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар — халықтың осал топтары үшін қолжетімді боп қала бермек.

«Біз халықтың ерікті түрде қоныс аудару жұмыстарын немесе еңбекке жарамды адамдары мол аймақтардан жұмыс күшіне сұраныс бар аймақтарға азаматтардың көшу деңгейін арттыру мақсатында жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз», — деді Т. Дүйсенова ханым.

Бағдарламаның осы бағыты 2017 жылғы 1 наурыздан бастап жүзеге аса бастады. Әлеуметтік жұмыс орындары мен жастардың практикадан өтуі іске қосылды. Бүгінде 18 500 адам Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша жұмыс істеуде. Бір жыл ішінде шамамен 200 мың адамды қамтылады деп жоспарланып отыр.