Отандық қорғаныс өндірісіндегі «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институтының алар орны қандай?

Сол тоқырау жылдарынан аман алып қалған су жабдықтары өндірісінің ошағы – оралдық «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институы. Оның негізі 1972 жылы Ленинградтық (қазір — Петербор) «Гидроприбор» Орталық ғылыми-зерттеу институтының филиалы ретінде қаланған. Өз заманында бүкіл КСРО-ның оптика-механикалық дәл приборлар жасаудың басты ошағы — Ленинград қаласы болғанын ескерсек, бұл институттың ғылыми әлеуеті  о бастан мықты болғанын түсінеміз. Кәсіпорын сол кездегі Оралдағы Ворошилов атындағы машина жасау зауытының СКБ-сында орналасты. Қазір институт «Kazakhstan Engineering» ҰҚ» акционерлік қоғамына кіреді.

Бүгіндері институт еліміздің қорғаныс және де – мұнай өндірісінің жоғары технологиялық жабдықтарға деген сұранысын қанағаттандырып отыр. Ол үшін институт әлемдік зертханалармен тығыз байланыс орнатып, дәл сол уақытта – сырттан тасымалдаудан тәуелді болып қалмау саясатын жүргізіп келеді. Ал болжалды қақтығыс жағдайында барлық керек-жарақтың тылдан табылуының стратегиялық маңызы бәрімізге мәлім.

Бүгіндері «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты – еліміздің қарулы күштері үшін фантастикалық деуге келетін жабдықтар мен қондырғылар шығарады. Соларды бір шолып өтсек.

«Куин» аэороботы («170-жоба»)

«Куин» аэороботы («170-жоба»)
«Куин» аэороботы («170-жоба») ©gidropribor.kz

Амфибия-кеме (аэробот) патрульдеу және іздеу-құтқару жұмыстары үшін жасалаған. Ауа-райын талғамайды, ендеше жыл бойы пайдалануға әзір. Ол — судың бетімен, қамыстың үстімен, батпақты жерлер мен батпақтарда (сорларда), шөптесін жерлерде, мұздың және қардың үстімен жүруге қабілетті. Толқын биіктігі 0,3 метрден аспайтын өзендер мен көлдерде, тоғандар мен батпақтарда пайдалану ұсынылады. Бұл аэробот — жол талғамайтын көліктің судағы баламасы, нағыз — «су джипі».

«Шағала» жүрдек кемесі («102-001 жоба»)

«Шағала» жүрдек кемесі («102-001 жоба»)
«Шағала» жүрдек кемесі («102-001 жоба») ©gidropribor.kz

Бұл кеме ұйымдасқан топтарды (мысалы — арнайы жасақты) немесе ұсақ партия жүкті Каспий теңізінің солтүстік бөлігіне тасымалдауға, сонымен бірге — өзен, көлдерге арналған. Бұларға қоса, патрульдік-инспекциялық шаралар үшін де пайдалануға болады.

Өздігінен жүретін пилотсыз «Омар» аппараты

Өздігінен жүретін пилотсыз «Омар» аппараты
Өздігінен жүретін пилотсыз «Омар» аппараты ©gidropribor.kz

Су асты құбырларын, платформаларды және басқа да су асты инженерлік құрылыстарды тексеруге және жөндеуге арналған. Ол сонымен бірге 4-5 метрге қайыр басып қалған қондырғыларды да аршып алып, жөндей береді. Сүңгуірлерге қауіпті болатын су асты техникалық жұмыстарына пайдаланылады. Жан-жаққа бұрылуға қабілетті түрлі-түсті және ақ-қара камералармен, айналаны шолуға арналған гидролокатормен, профилографпен, шұғыла-белгілегіштері бар гидроакустикалық навигациялық кешенмен, курс-крен-дифферент-тереңдік сенсорларымен және эхолотпен жабдықталған.

Өздігінен жүретін және телевизиялық басқарылатын «Стиу-3» мина жойғышы

Өздігінен жүретін және телевизиялық басқарылатын «Стиу-3» мина жойғышы
Өздігінен жүретін және телевизиялық басқарылатын «Стиу-3» мина жойғышы ©gidropribor.kz

Трал-кеменің алдында келе жатқан мина іздейтін гидроакустикалық кеме-стансаның нұсқауымен су табанындағы және зәкірлік миналарды әрі қарай іздеп тауып, жоюға арналған.

Жабдықтары:

— Лақтырылатын жойғыш заряд;

— Түрлі-түсті камера;

— Аса қанық гидролокациялық станса;

— Көлденең қимасы 12 мм-ге дейінгі болат тростарды кесетін троскескіш;

— Екі марштық итергіш.

«Стиу-3» мина жойғышы — кәсіпорын қол жеткізген технологиялық жетістіктерінің барлығын бір бойына жинаған қондырғы.

«Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институы бұларға қоса – кеменің тағы бірнеше түрін, көшпелі жасанды жағажайлар және мұнай қондырғылары мен қосалқы бөлшектерін шығарады. Болашақта отандық инженерлеріміз өз шеберлігін шыңдайтын алаң болатынына күмәніміз жоқ.