Көкшетауда ұлттық нақыштағы Неке сарайы ашылды

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады.

«Бүгін біз келісті де келбетті Неке сарайын ашып отырмыз. Бұл ғимарат ең алдымен адам өмірінің ең маңызды белесі – отбасын құру рәсімінің ерекше қуаныш екенін айшықтау, ұмытылмастай есте қалдыру үшін қызмет ететін болады. Жаңа сарайда некеге отыратын жастар көбейіп, берекесі мықты отбасылардың қатарын толықтыратынына сенімдімін», – деді өңір басшысы.

Көптен күткен нысанның шаңырақ түрінде салынғаны жақсы ниет, шайқалмайтын шаттығымыздың салтанатын асыра түсетіні де қуанышқа бөлейді. Шеңбер пішінді ғимарат Шығыс сәулет өнерінің классикалық үлгісін бүгінгі үрдіспен үндестіре қабыстырған. Жалпы аумағы – 987 шаршы метр. Жоба құны – 837 млн 588,351 теңге.

Ғимараттың көгілдір лентасы қиылған соң жиналған көпшілік осы сарайдың табалдырығын алғаш аттаған 8 жұптың неке қию рәсіміне куә болды.

«Қалада аптаның әр күні үйлену тойынсыз өтпейді. Сондықтан бізге неке сарайы керек. Оның тәрбиелік мәні де зор. Неке үйі болса онда тек неке қию рәсімін ғана емес, сонымен қатар күміс той, алтын тойды да өткізуге болар еді. Бұл – тұрғындардың сұранысы»,–дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Баубекқызы.

Жоба авторы – «Строн-Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осындай ұлттық нақыштағы құрылыс нысандарының үлгісін жасаумен шұғылданады. Сәулетшілер елімізде бой көтеретін кез-келген замануи ғимараттан осындай қазақылықтың белгісі болуы тиіс деп санайды.

«Ғимарат алып киіз үй үлгісінде салынды. Сәулеті келіскен, қазіргі заман талабына сай мұндай ғимараттар еліміздің бірқатар облыс орталықтарында бар. Нысанның астыңғы бөлігінде кіреберіс зал, киім ілетін орын, азаматтық хал актілерін тіркеу жұмыс кеңсесі, қонақ бөлме, күйеу жігіт пен қалыңдықты салтанатты рәсімге дайындайтын бөлмелер, қызметшілер кабинеттері орналасады. Салтанат залынан бөлек үш холл, касса, фотограф, бухгалтерия бөлмелері бар,– дейді Ақ сәуле» серіктестігінің бас директоры Алмас Оразбаев.

Қала тұрғындарының саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сол себепті, қалалық АХАЖ бөлімінде сақталатын құжаттардың да саны артуда. Мұрағаттағы құжаттардың сақталу талаптары бар. Температура, ылғалдылық белгілі бір деңгейде болуы тиіс. Жаңадан еңсе тіктейтін Неке қию сарайында азаматтық хал актілерін жазу бөлімі қызметі үшін барлық жағдай жасалатын болады. Бұл да үлкен қуаныш.

«Ұлттық нақышта құрылған жаңа ғимарат көз тартарлықтай әдемі, көңіл сүйінерліктей керемет. Әр адамның, әрбір ерлі-зайыптының өміріндегі ең елеулі, есте қалатын мерекелерінің бірі осы – неке қию салтанаты. Балаларымыздың үйлену тойының неке сарайының ашылуымен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымыз»,–дейді қала тұрғыны Роза Тәжібаева.

Дереккөзbaq.kz